«Сұлулық – құрбандықты талап етеді». Құрбан болатын кім?
Косметология қазір Иран ислам республикасында қатты дамыған. Бүкіл араб елдері Иранға барып пластикалық операция жасатады.
Бәрі қырық жыл бұрын Аятолла Хомейни Иран басшылығына келгенде басталған. Хомейнидің жақын досы «тәнім еркек болғанмен жаным әйел заты, соны ауыстыруға рұқсат беріңіз» дейді. Исламтанушы ғалымдар үш ай Құранды он қайтара оқиды. Аятолла исламда жыныс ауыстыруға қарсы сөз жазылмаған деген пәтуә шығарады. Міне содан беріде Иран косметологиядан миллиардап қаржы тауып отыр. Бетін тұмшалап алған араб қыз-келіншектері үйлерінде әдемі көріну үшін ақшасы жетсе Иранға барып пластикалық операция жасатады. Иран қазір пластикалық операция жасаудан әлемде екінші орында тұр. Дінді қатал ұстағанмен, қандай режим болмасын ақша мен әдемілікке қарсы тұра алмайды.
Әйел заты сұлулық үшін жаратылған. Бермегенді алады. Болмаса болдырады. Сол себептен де елімізде бұл саланы дамытуы керек, бірақ сапасын арттыруы керек. Елімізге көбіне көрші елдерден көшпенді косметологтар келіп, қаражатты қалтаға басқаннан кейін зуылдап ізім-қайым жоғалады. Сондайлардан сақтану керек дейміз. Біз қазіргі жағдайдағы кемшіліктерді тізіп көрсетеміз. Опық жемеу жағын ескертеміз.
Томпақ ерін, үлкен көз, қыр мұрын... Қазіргі қыз-келіншектерге ортақ сұлулық стандарты шамамен осындай. Ай десе аузы, күн десе көзі бар хас сұлу атану – ақшаң болса қиын емес. Бірақ сұлулықтың құрбандықты талап ететіні бар.
Ерінін үлкейтемін деп, ауруханадан бір-ақ шыққандардың бірі – Жансая Өмірбекова. Ерінге ине арқылы енгізілген сұйықтыққа арудың аллергиясы бар болып шыққан.
Жансая Өмірбекова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Қараша айында Алматы қаласындағы косметологиялық орталықтардың бірінде ернімді үлкейтемін деп шештім. Инстаграмм әлеуметтік желісі арқылы таптым, бағасы да қымбат болған жоқ. Үйге келген соң жарты сағаттан кейін ерінім күп болып ісіп кетіп, тыныс алуым қиындады.
Бұл істің соңы Жансая үшін жеңіл аяқталды. Ал осы көктемде өскемендік келіншек көзін үлкейтемін деп көз жұмды. Блефаропластика деп аталатын процедурадан анафилактикалық шок алған. Істің ақ-қарасын анықтай келе оны жасаған адамның медициналық білімі болмай шықты.
Шынар Жұманбай, косметолог-дерматовенеролог:
- Кезінде татуажбен айналысқан қыздардың өзі, ерін салуды үйреніп алып, өздерін дәрігермін деп алдайды. Ешкім олардың құжаттарын, білімін тексеріп жатқан жоқ. Акцияға ұрынатын қыздар, препараттың соңында бұл қандай мерзімге дейін қолдануға рұқсат екенін, жазылғанын, Қазақстан Республикасында тіркелді ме, тіркелген жоқ па? Оны да қарамайды.
Кәсіби білімі жоқ косметологтардың кесірінен кеміс болып жатқандар қаншама?! Нақты статистика жоқ. Себебі көбісі шағымданбайды. Мысалы, өткен жылы бұл салада 24-ақ шағым тіркелген
Бағжан Мұхаметбек, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің медициналық қызметті талдау және мониторинг басқарма басшысы:
- Негізі, адамдар шағымданбайды. Шыны керек. Қарап тұрсаңыз, 7 мыңға жуық шағымның 24-і ғана осы косметологиялық процедураларға қатысты болып тұр ғой. Көп жағдайда адамдар өзінің таныстарының ұсынысы бойынша барады да, өз мәселелерімен өздері ғана қалып жатады.
Қалада қадам бассаң косметология кабинеті, сұлулық салоны, тіпті өз үйінде отырып-ақ бұл істі іркіліссіз істеп жатқандар жетерлік. Себебі бақылау жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі лицензиясы бар орындарды ғана тексеруге құқылы. Оның өзінде жоспардан тыс тексеру жүргізе алмайды.
Любовь Полякова, хирург, дерматовенеролог:
- Осы орайда біздің, яғни дәрігерлер қауымының өкпесі қара қазандай. Бақылау әлсіз, тіпті жоққа тән. Белгілі бір курсты оқып, бір жапырақ қағаз алып, кәсіби косметологтарға кір келтіріп жүргендер көбейіп кетті. Білікті маман болу үшін жоғары медициналық білім алу керек, дерматокосметолог және дерматовенеролог біліктілігі болуы керек, олар жалпы адамның ағзасын жақсы білуі керек.
Ал психологтар болса өзінің табиғи келбетіне көңілі толмайтындар косметолог креслосына жатпай тұрып, психологқа баруға кеңес береді.
Назгүл Аблахатқызы, психолог:
- Кейбір адамдарға, өздерінің қоршаған ортасында осындай қыздар мен келіншектер көп жүретін болса, оларға бұл қалыпты жағдай. Ол бір жолы болғыштықты, өзіне жақсы қарым-қатынас құру секілді иллюзиялармен сондай операцияларға барады. Адам косметологқа бармас бұрын, психологпен бір-екі рет кездесіп, сөйлесіп, сол сұрақтарды шешіп, содан кейін барғандары дұрыс деп есептеймін. Өзін қабылдаған адамға ол қажет емес.
Ал, астаналық Бақытжан Әли өзін-өзі күтудің табиғи әрі тамаша әдісі барын айтады. Ол кәдімгі бет фитнесі, яғни массаж.
Бахытжан Әли, Face fitness бойынша жаттықтырушы:
- Ботокс салу немесе бетімізді жіппен тарту арқылы жасарып кете алмаймыз. Сыртқы факторларға, ішкі қан айналымның дұрыс жұмыс жасауы әсер етеді. Ең алдымен, әдемі келбетке ие болу үшін, адамның лимфа ағыны жақсы болуы керек деп үнемі айтамын.
Сонымен маманнан кеңес. Белгілі бір процедураға келіспес бұрын дәрігер-косметологтың лицензиясын тексеріп алыңыз. Препараттардың қолдану мерзімін қарап, аллергиялық тест өткізу де маңызды. Ал түптеп келгенде табиғи сұлулық әрқашан трендте, сұлулық стандарты – сіз – өзгермеген өзіңіз.
Диана Қадыр, Тоқтар Терлікбаев, Айбын Құсанбеков «7 күн»