Өскеменде коммуналдық қызметтің төрт түрі бойынша тариф өсті
Яғни, кәріз жүйесі, су, электр энергиясы және жылу ақысы қымбаттады. Монополияға қарсы қызмет өкілдерінің айтуынша, бұл өзгерістің өз себептері бар. Ол қандай себеп? Тариф қаншалықты өсті?
Өскемендегі коммуналдық саланың кетеуі кеткен. Қай кәсіпорынға барсаңыз да желінің ескіргені, жабдықтардың тозғаны, еңбекқаның төмендігі, жұмысшылардың тапшылығы бірден байқалады. Өткен жылдан бері коммуналдық шаруашылық мекемелерінен жалпы 2 мыңнан астам адам жұмыстан шығып кеткен. Мәселен, Өскемен Водоканал мекемесінде қазір 250 маман жетіспейді.
Әсел Оспанова, «Өскемен-водоканал» МКК директорының орынбасары:
-Жұмысшылар тоқтамай жатыр. Бірі келсе, бірі кетеді. Өйткені жұмыс ауыр, жалақы аз. Сондықтан тарифті көтеру есебінен еңбек ақыны 136 мың теңгеден 166 мың теңгеге көтеріп отырмыз.
Тариф тек жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына ғана емес, кәсіпорынның қызмет көрсету сапасына да әсер етеді. Өскеменде кәріз желісінің 80% астамы тозған. Сондықтан тарифті көтеруден басқа амал да жоқ. Тұрғындарға 10, ал заңды тұлғалар үшін 20% өсті. Энергетика саласында да осыған ұқсас жағдай.
Тимур Оразов, «ШығысЭнергоТрейд» ЖШС қаржы директоры:
-Электр қуатын өндіруші станцияларда тариф өсті. Біздің құрылым бойынша 25% көрсетіп тұр. Сондықтан өз тарапымыздан жеке тұлғалар үшін қызмет ақысын 10% көтердік.
Судың ақысы бір адамға шаққанда 5 теңгеге, ал екі бөлмелі пәтердің жылу ақысы екі адамға есептегенде 300 теңгеге ғана өседі. «Коммуналдық саладағы осы тарифтік өзгеріске түсіністікпен қарасақ екен», — дейді мамандар.
Арман Мәлік, ШҚО табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы:
-Ұялы телефондарды қолданған кезде 3-4 мың орта есеппен төлеуге дайынбыз, біздің қазіргі өсіріп жатқан тарифтеріміз негізгі адамдарға өмір сүруіне қажетті қызметтер. Айына 500-600 теңгеден асып отырған жоқ, ал бұның артында жаңағы 3500 адамның жалақысы, олардың отбасы қамтамасыз ету және бүкіл қала бойынша, желілердің жаңартуы тұр, бұл шешімнің артында.
Сөйтіп жаңа тариф бірталай мәселенің түйінін шешкелі тұр. Енді саланы жаңғыртуға 2,5 миллиард теңге бөлінеді. Бұған қоса 7 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов