Хабар телеарнасы

Қызылорда облысында тағы бір адам кенеден келген кеселден көз жұмды

«Конго-Қырым қанды безгегіне шалдыққан азамат Шиелі ауданының 32 жастағы тұрғыны. Ол мал шаруашылығымен айналысқан. Инфекция жұқтырғанын кеш білген», — дейді мамандар. Жалпы маусым, шілде айларында облыс бойынша аталған қауіпті инфекциядан 3 адам қайтыс болды. Жыл басынан бері облыс бойынша 29 азамат Конго-Қырым қанды безгегі диагнозына күдікті ретінде тіркелген. Оның ішінде 10 адамның инфекция жұқтырғаны анықталды.

Жангелді Шайымбетов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
-Қайтыс болған науқастардың барлығы медициналық көмекке кеш жүгінген. Бұл дегеніміз тұрғындардың Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы туралы әлі де түсіндірме жұмыстарының әлсіздігін байқатады.

Әлия Әбдіқайымова, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
-Бұл кенені улайтын препараттардың дәрілерінің күші минимальды екі жетіге, максимальды бір айға ғана жетеді. Малмен айналысып отырған, ауыл шаруашылығымен олар міндетті түрде өз қаражаты есебінен жыл көлемінде кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізіп отыру керек.

Түркістан облысында да кәмелет жасына толмаған жасөспірім конго қырым қанды безгегінен көз жұмды. «Дәрігерлер 15 жастағы Сауран ауданының тұрғыны дер кезінде медициналық көмекке жүгінбегендіктен, оны аман алып қалу мүмкін болмады», —дейді. Мал шаруашылығы дамығын аймақта қауіпті вирустың таралуы көбейген. Жыл басынан бері 48 науқасқа конго қырым қанды безгегі диагнозы қойылды. Тоғыз адамда вирустың нақты белгілері анықталды. Науқастармен қарым-қатынаста болғандар оқшауланып, медициналық бақылауға алынды. Кенеден келетін қауіпті инфекция Ордабасы, Отырар, Төле би, Келес, Мақтаарал, Жетісай аудандары мен Түркістан қаласының тұрғындарында анықталған.