Теміртауда ауызсу тапшы
Қарағанды облысы Теміртау қаласының тұрғындары шелектерін сайлап, су қашан беріледі деп күтіп отыратын болған. Себебі шаһарда су таңертең және кешке 4 сағаттан ғана қосылып отыр. Өйткені шілденің шіліңгір ыстығында шағын шаһарға су жетпей жатыр. Қаланың іргесінде су қоймасы болғанымен, ол металлургиялық зауыттың қажеттілігіне арналған. Ал ішуге жарамды тіршілік нәрі екі жерасты су көзінен және Сәтпаев арнасымен Қарағанды қаласы арқылы Ертіс өзенінен алынады. Облыс орталығынан металлургтер қаласына дейін 27 шақырым. Екі аралықтағы 50 жыл бұрын тартылған су құбыры әбден тозған. Биыл осы 27 шақырым құбырдың 5 километрін жөндеу жоспарланған. Қазір оны толықтай жаңғырту үшін қажетті жоба-сметалық құжаттар жасақталуда. «Құбыр жаңармай, сумен қамтудағы іркілістер де жойылмайды», -дейді шаһар басшылығы.
Ринат Қадырбеков, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:
- Бұл су құбырға суды толыққанды бере алмай отырмыз. Бүгінгі күні 7 атмосфераға дейін көтеруге болады қысымды. Бірақ тозуға байланысты небәрі 5,5-6 атм дейін көтеріп отырмыз. Егер одан артық қысым беретін болсақ, бұл құбыр шыдамайды. Бүгінгі күні бұл құбырда 8 ақау бар.