Хабар телеарнасы

Қандыағаштықтар судан тарығып отыр

Тіршілік нәрін аптап ыстықта сағаттап бергендіктен, литрлеп қор жинауға мәжбүр. Сыздықтап келген судың сапасы да көңіл көншітпейді. Шілденің шіліңгір ыстығында аудан орталығында ауызсу неге тапшы?

Юрий Аветикян «соңғы күндері тоқсаныншы жылдың тоқыраулы кезеңіне оралғандай болдық» дейді. «Тұрмысқа қажетті суды шелектеп сақтап, ішуге дүкеннен тасуға мәжбүр. Аптап ыстықта сағаттап берілген су сап-сары, ішуге жарамсыз», — дейді тұрғындар.

Юрий Аветикян, Қандыағаш қаласының тұрғыны:
-Мынау алғаш үзіліп, қайта қосылған кезде аққан судың түрі. Тотқа араласқаны көрініп тұр. Мынаны екі күн бұрын құйып алдым. Сәл тазара бастағаны. Мына бөтелкедегі суды да мөлдір деп айта алмаймын. Түбіне лай тұнғаны көрініп тұр.

Жергілікті атқарушы билік өкілдері «жерасты су қорының азаюынан су тапшылығы туындады» дейді. Тағы бір себебі аптап ыстықта тұрғындар ауладағы бақшаны суаруды жиілеткен. Бұған дейін аудан орталығы халқына тәулігіне 6 мың текше метр су жеткілікті болса, соңғы аптада сұраныс 9 мыңға жуықтапты. Ауыз су резервуарлары дер кезінде толып үлгермейді. Қаланы сусыз қалдырмау үшін, шенеуніктер сағаттап беруге мәжбүр болдық дейді. Судың лай болуын мамандар құбырлардағы қысымның күрт өзгеруімен байланыстырып отыр.

Талғат Қойшекенов, Мұғалжар аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
-Үш мың жарымдай жер үйлер бар. Сол жер үйлерде бау-бақша егіледі. Күннің ыстығына байланысты сол бау-бақшаларға кетіп жатқан судың көлемі екі есе ұлғайып кетіп отыр. Оған халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Суды үнемдеп бау-бақшаға пайдалану жөнінде. Себебі негізгі халықтың тұтынатын суы жетпей отыр.

Мәселені дереу шешу үшін қалалық су құбырлар желісі жергілікті зауытқа тиесілі ұңғымаларға қосылды. Ал коммуналдық мекеме болса қосымша екі ұңғыма қазуға кіріскен. Нәтижесінде, алдағы он күн ішінде ауыз су көлемі артуы тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев