Алматыда электрлі самокатты пайдалануды үйрететін мектеп ашылды
Мемлекет басшысы жақында ғана жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша заңға қол қойды. Енді самокаттың қозғалысы осы заңмен реттеледі. Соған сәйкес Алматыда электрлі самокаттарды жүргізу тәртібін үйрету мектебі ашылды. Оны қалалық мобильділік басқармасының қолдауымен көлік құралын жалға беретін компаниялардың бірі ұйымдастырды. Бұл жерде тәжірибелі нұсқаушылар екі күн бойы келушілерге самокатты қауіпсіз және дұрыс пайдалануды тегін үйретеді.
Атап айтқанда, қала тұрғындары самокатты ережеге сай жүргізуді және тұраққа қоюды меңгеретін болады. Былтыр осындай ашық сабаққа 1500 астам тұрғын қатысып, электрлі самокатпен жүруге машықтанған.
Индира Әндір, қалалық мобильділік басқармасының өкілі:
- Бұл жерде біздер қалалықтарға электросамокаттардың 18 жастан бастап қана пайдалануға болатынын, онымен қатты көп жылдамдықпен жүруге болмайтындығын, одан кейін 1 самокатты 1 адамның ғана пайдалану керектігін және олардың не үшін жасау керектігін түсіндіреміз. Сонымен қатар қалалықтардың арасында самокаттарды пайдаланудың мәдениетін қалыптастыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр.