Балақайларда банк картасы болғаны дұрыс па?
Қолма-қол ақшасыз төлем жүйесі қарқынды дамыды. Қазір халық электронды төлемге ғана арқа сүйеп жүр. Қазір елімізде 69 миллион банк картасы бар екен. Соңғы бір жылда сұраныс 17,6% көбейген. Банк картасы жасөспірімдер мен балалар да бар. Бұл қаншалықты дұрыс?
Елімізде 6 жастағы балаларға банк картасын ашуды 7 банк ұсынып жүр. Ата-ананың бақылауымен балалар да қолма-қол, ақшасыз сауда жасай алады.
Қоғам пікірі әр түрлі. Мамандар болса жауапкершілік ата-анаға жүктелетінін алға тартады. Олар банк картасын баласына бергенде, карточканы суретке түсіріп, басқа адамға жіберуге болмайтынын үнемі ескертуі керек.
Айдос Марғұлан, экономист:
-Балаларға арналған банк картасы кредиттік болып келмейді, ол дебеттік. Тек өзі ақшасын ғана құрту. Телефонға тіркеу арқылы біраз проблемаларды шеше аламыз. Өзінің әрекеттеріне, сатылымдарына жауап бергенімен, толыққанды жауап ата-анасында. Бізде сауаттылықты арттыру үлкен мәселе. Өйткені адамдар қаражатты қоғамға шыққан кезде, әлеуметтенген кезде, қаражатты дұрыс қолданбайды.
Ең жас пайдаланушылар үшін карта кэшбегі тиімді. Себебі түрлі танымдық демалыс орындары мен тауарларға жеңілдіктер қарастырылған. Ата-анасының картасынан балаға ақша аудару да тегін.
Лимана Қойшиева, психолог:
-Бала мектеп жасынан қаржылық сауаттылық керек. Мен өзімнің практика жүзінде, жастар арасында ажырасу, отбасындағы кикілжіңдер орын алып жатады. Қаржылық жағдайдың дұрыс жұмсалмағандығы. Ақша таппай жатқаннан емес, табыс жақсы, табыс бар. Бірақ табыстың барлығын қалай табады, солай жұмсап қояды. 2 мың теңгенің 200 теңгесі сенің қосымша қорыңда жатуы керек. Осыны сол бала күнінен қалыптастырсақ.
Америкалық қаржы маманы Проф Уейдің айтуынша АҚШ-та банк карталарын ашу 15-16 жастан рұқсат етіледі.
Проф Уей, тәуелсіз сарапшы:
-Ал 6 жастағы балалар банк картасы болса, әрі қарай онлайн ондағы жүйелерді үйренеді. Ал Америкада 15-16 жастан жеке банк карталарын аша бастайды. Қаржылық сауаттылықты да арнайы бағыттағы білім алушылар ғана үйренеді. Экономиканы бала кезден түсінгені дұрыс.
Сарапшылардың сөзінше, ақшаның қайдан келгенін, қайда кететінін біліп өскен балада дұрыс қаржылық сауаттылық қалыптасады. Ал техникаға бейімделу — заман талабы. Тек ата-ана тарапынан қолдау мен қадағалау қажет.
Авторлары: Диана Қадыр, Мухамбетали Тилдабаев