Сарапшылар: баспана нарығы дағдарыс кезеңіне кірді
Соның салдарынан құрылыс та тоқтауға таяу. Ал үйсіз жүрген халыққа несиесіз пәтер алу мүмкіндігі аз. Сондықтан сарапшылар «мемлекетке де, банкке де, тұтынушыларға да тиімді болу үшін оңтайлы шешімдер қабылдайтын уақыт келді» дейді.
Баспана нарығындағы жағдай күрделеніп барады. Қаржыгер Жанар Қожабаеваның айтуынша, бүгінде пәтерге деген қажеттілік жоғары. Бірақ баспананың қымбаттығынан сатып алу көрсеткіші төмендеген.
Жанар Қожабаева, қаржыгер:
-Қазіргі таңда 1 жылдың ішінде статистика бойынша нотариустерде 64% сатып алу-сату келісімшарттары азайып отыр. Бұның себебі бағаның өсуі, тиімді ипотекалардың жоқтығы, нарықтық мөлшерлемелердің мүлдем жұмыс істемеуі деп айтуға болады.
Сарапшылардың пайымдауынша, бұған дейін зейнетақы қорынан ақша шешуге рұқсат берілгенде сұраныс артты, сәйкесінше баспана нарығы негізсіз өсіп кетті. «Мемлекет субсидиялаған бағдарламалардың арқасында биыл пәтер бағалары шамамен 10% төмендеген. Қазір нарықты тұрақтандыру үшін ипотекалық бағдарламаларды қолдау азайған. Одан әрі баға төмендесе экономикаға әсер етеді. Ал пәтер алып-сату тоқтаса, басқа салаларда дағдарыс басталады», — дейді.
Сабит Рысбаев, қоғам белсендісі:
-Қымбат пайызбен үй алу тиімсіз. Ұлттық банктің базалық үстемесі 16,75-тен түспесе, банктердің пайызы 20-дан төмен болмаса, стагнация бола беретін болса құрылыс компаниялары тоқтайды. Баланс бұзылады.
Қазіргі таңда мемлекет субсидиялаған 7-20-25 бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Бүгінге дейін 70 мыңға жуық адамға несие берілген. Алайда бұл бағдарламаны қаржыландыру аясы шектеліп отыр. Енді 1 жылға 100 млрд ақша қарастырылады.
Айбар Олжаев, «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ Сыртқы байланыстар қызметінің бас менеджері:
-4 тоқсанға бөлінеді. Әр тоқсандыққа барлық банкке 25 млрд теңге беріледі. Ұлттық банк бұдан былай ипотека нарығынан кетеді. Тек осы бағдарлама әзірге жалғасады.
Осы бағдарламаны сұрап бірнеше банкке хабарласып көрген едік. Айтуларынша қаржыландыруды күту қажет.
Ал жылжымайтын мүлік бойынша сарапшылардың пікірі басқа. Олар бұл ипотеканы қаржыландыру азайып барып, тоқтауы мүмкін дейді. Ал бірден тоқтату тиімсіз.
Александр Дубровин, жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы:
-Өйткені көптеген тұтынушылар пәтердің 20% алғашқы жарнасын банкке төлеп қойған. Егер біз қазір ипотека болмайды деп жарияласақ, ертең әр сату бөлімінде ақшасын қайтып алғысы келетін адамдардың тобын көреміз. Сондықтан менің ойымша қазір басқа жол жоқ.
Ал бұдан бөлек елде «Бақытты отбасы» мен «Шаңырақ» бағдарламалары да жұмыс істеп тұр.
Нұрбол Көкенов, ҚР ИИДМ бас сарапшысы:
-«Шаңырақ», «5-10-20» бағдарламалары бойынша кезекте тұрған барлық азаматтар қатыса алады. Ал 2-10-20 «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша І-ІІ топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар отбасылар, жетім балалар, көпбалалы отбасылар қатыса алады.
Бірақ бұл бағдарламаларға жыл сайын 71 млрд теңге ғана қаржы бөлінеді. Ол шамамен 6500 адамды қамтиды.
Ал елімізде тұрғын үй кезегінде 641 мың азамат бар. Олардың 254 мыңы әлеуметтік осал топтағы азаматтар.
Қазіргі таңда жыл сайын 10 мың отбасы пәтермен қамтамасыз ету жобасы бастау алған. Бірақ ол жалға беріледі. Сондықтан сарапшылар 10% дейінгі тиімді ипотекалық бағдарлама дайындауды немесе субсидиялауды тікелей жеке тұтынушыларға жүргізуді ұсынады. Егер бұл мәселесе шешілмесе баспана нарығындағы стагнация кезеңі ұзаққа созылуы мүмкін дейді.
Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Таир Мерекенов, Дархан Күнтуов