Хабар телеарнасы

Жамбыл облысында шығынданған шаруалардың несие төлеу мерзімі ұзартылады

Жамбыл облысындағы құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалар несие төлеу мерзімін ұзарта алады. Бұл жайында Үкіметте өткен жедел кеңесте талқыланды. Шығынданған шаруаларға «Бәйтерек» холдингі, «Аграрлық несие корпорациясы» мен «ҚазАгроҚаржы» мекемелері көмек беруді көздеп отыр. Сонымен қоса биылдан бастап мал азығын жинау үшін қосымша жеңілдетілген бағамен дизель отыны берілетін болды. Жаңалықтарымыздың кешегі шығарылымында Жамбыл облысындағы су тапшылығына байланысты қызылша алқаптарының қурап қалғанын айтқанбыз. Осыған байланысты Үкімет жанынан құрылған мекеме аралық комиссияның жұмыс тобы Қордай, Байзақ және Тұрар Рысқұлов аудандарының егіс алқаптарын көрді. Визуалды тексеру барысында Қырғыз Республикасы тарапынан суармалы судың жеткіліксіз берілгендігі расталды. Айта кетейін, Жамбыл облысы суармалы судың 85% Қырғызстаннан алады. Биыл аймаққа Киров су қоймасынан 560 млн текшеметр тіршілік нәрін алуға келісім болған. Бірақ қуаңшылық салдарынан бұл мөлшер 200 млн кубқа кем болды. Салдарынан 12 мың гектардан аса егістік зардап шекті. Жауапты басқарманың қазіргі есебі бойынша шарауалар шығыны 3,8 миллиард теңгені құрап отыр.