Ұлытау облысындағы экологиялық ахуал зерттеліп жатыр
Өндіріс қалдықтары, Аралдан ұшқан тұз немесе қаланың іргесіне құлап жатқан зымыран. Жезқазғанда экологиялық ахуалдың нашарлап, ауру-сырқаудың артуына осы факторлар әсер етуі мүмкін. Ол үшін оны әуелі ғылыми түрде дәлелдеу қажет. Осы мақсатта Ұлытау облысында арнайы комиссия жұмыс жасап жатыр. Ашық конкурс арқылы таңдалған серіктестік 3 айдан бері ғылыми зерттеу жүргізуде. Мамандар бүгінге дейін топырақтан 800-ге жуық сынама алған. Жер асты және жер үсті сулары, жан-жануарлар мен өсімдіктер де зерттелуде. Есеп берген мамандар: «әлі қорытынды шығаруға ерте»,- дейді. Зерттеу жұмыстары 2 жылға жалғасады.
Сейілхан Асқаров, ғылыми-зерттеу жұмыстарының жетекшісі:
- Қазір алдын ала болжамды ғана айта аламыз. Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Қарсақбай кентінде ауаның ластануы жоғары. Өңір қоршаған ортаға шығарылған зиянды қалдықтар бойынша адам басына шаққанда облыстар арасында екінші орында.