Астанадағы жануарларды қабылдау орталығынан дау шықты
Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң қолданысқа енсе де, қоғамдағы көрініс әлі де басқа. Мәселен, Астана қаласындағы жануарларды қабылдау орталығынан дау шықты. Еріктілердің айтуынша, жыныс мүшесі жетілмеген күшіктерге стерилизация жасалуда.
Антисанитариялық жағдай мен тазартылмаған қоршаулар. Бұл Астана қаласындағы иесіз қалған иттер мен мысықтарды ұстау орталығындағы көрініс. Күннің аптап ыстығында қараусыз қалған үй жануарларын аштық пен шөл қысады. «Ал жағдайды оңалту үшін жасалған ота өлімге дейін апарады»,- дейді еріктілер.
Анастасия Сонохина, волонтёр:
- Иттерді жыныстық жетілуге жеткенде ғана оларды ұрықсыздандыруға болды. Бірақ мұнда құйтырқы әркеттерді көрдік. Тордағы 3 айлық төрт аяқтыларды стерилизациялағанда біз қатты шошыдық. Кейбір иттерді тамақтандырсам, басқалары агрессивті түрде шабуыл жасайды. Демек, иттер тым аш. Бір-біріне тамақ жеуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан басқалары тамақ іше алмайды.
Бұл орталыққа күніне 40-қа жуық ит-мысық әкелінеді. Олардың басым бөлігі - күшіктер. «Чиптелген төрт аяқтыларды иелеріне қайтарса, ал қалғандарының осында көретін күндері қараң»,- дейді еріктілер. Жануарлар арасында жұқпалы аурулардың таралу мен қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын азайту үшін бір айлық күшіктерге операция жасалатынын айтады. Ал мекеме өкілдері ерте зарарсыздандыруды жоққа шығарады.
Медет Кенжебаев, «Астана ветсервис» КММ ШЖҚ директорының орынбасары:
- Бұл өте қиын операция түрі. Тәжірибелі, өз ісінің мықты маманы олай жасауға жол бермейді. Күшіктер жиі өледі. Дәл қазір түсірілімнен кейін, жарты сағаттан соң байқап қарасаңыздар, күшіктің өлі денесін табасыздар. Тіпті біреу емес, бірнеше болуы мүмкін. Олар жай ғана бір зат секілді, ол жерден алып тастайды.
Астана ветеринария қызметіне жыл сайын ит аулауға 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді. «Сол қаржыға қорғаушылар мен қамқоршылардың санын арттыру қажет дейді»,- жанашырлар. Олар зарарсыздандырылғаннан кейін жануарларды үнемі ветеринардың бақылауында таза қораларға орналастыруды ұсынып отыр.
Авторлары: Диана Қадыр, Самат Оспанов