Қарағандыда астан уланған екі баланың жағдайы ауыр
Қарағандыдағы балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан тағы 2 бала ауруханаға жеткізілді. Олар да жүрегі айнып, іш ауруына шағымданған. Ал жансақтау бөлімінде жатқан 6 баланың екеуінің жағдайы күрт нашарлап кеткен. Бұл туралы осы өңірде жүрген Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.
Еске салсақ, аталған орталықта о баста 12 бала денсаулығына шағымданып, 13 жастағы бала қайтыс болған еді.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:
- Біз қазір ауырған балалар жатқан облыстық инфекциялық аурухана маңында тұрмыз. О баста балалар астан уланған болуы мүмкін деген жорамал айтылған. Бірақ алғашқы сынамалардан кейін ішек инфекциясы жоқ екені белгілі болыпты. Сондықтан мамандар барлық болжамды жан-жақты қарап жатыр.
Бұл туралы жаңа ғана аяқталған баспасөз жиыны барысында айтылды. Дәл қазір балалардың нақты неден уланғаны белгісіз. Бірақ барлығы іші ауырып, құсқан. Денсаулық сақтау министрі балалардың қазіргі жағдайы туралы былай деді.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- 6 баланың 2 өте ауыр деуге болады. Қалған 5 баланың жағдайы жақсы, келіп түскен кездегі ауырып, құсқан симптомдары сауықтырылды деуге болады. Әлі 1 күн бақылауда болады, сосын орталыққа жіберіледі.
Балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы өткен айдың 24 күні еңбек демалысына шығып кеткен. Ал оның міндетін атқарушы мен тағы 12 маман жұмыстан шеттетілді. Олардың барлығын Астанадан келген мамандар алмастырды. Қазір елорда мамандарымен консилиум жүріп жатыр.
Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:
- Қазір қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы жағдайдың себептері тексерілуде. Ол туралы кейін толық ақпарат беретін боламыз. Бұған жол бергендердің барлығы қатаң жазаланатын болады.
Белгілі болғандай, қайтыс болған бала 2009 жылы дүниеге келген. Оның ақыл-ой кемістігі бар деген диагнозы болған. Марқұмның дене қызуы көтеріліп, қатты ентігіп, тыныс алу жеткіліксіздігі салдарынан көз жұмған. Қазір осы жағдайға қатысты комиссия құрылды.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:
- Атап өткен жөн, аталған орталықта мүмкіндігі шектеулі және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 160 бала тәрбиеленеді. Бұл жағдайды облыстың арнайы прокурорлар басқармасы тексеріп, Қылмыстық кодекстің 304-бабы, 2-бөлігі яғни ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.