Таразда әкімдік қызметкері мен кәсіпкер 8 жылға сотталды
Тараз қаласы әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы 8 жылға сотталды. «Kaz In Capital» серіктестігінің басшысы да осынша жылға бас бостандығынан айырылды.
Олар 115 млн теңге мемлекет қаржысын жымқырды деп айыпталып отыр. Прокуратураның мәліметінше, бөлім басшысы мен мердігер көшелерді бейнекамерамен жабдықтау және жарықтандыруға бөлінген 91 млн теңгені жымқырған. Сондай-ақ 24 млн теңгеге салынуы тиіс қоқыс алаңдарының да ақшасын қолды қылған. Сот екеуін де кінәлі деп танып, ұрланған қаржы түгел өндірілсін, - деген шешім шығарды.
Асылхан Тілешов, қалалық прокуратураның бөлім бастығы:
- Алдын-ала сөз байласу мәселесі тергеу амалдарымен толық дәлелденіп отыр. Мердігер мекеме тарапынан атқарылмаған жұмыстар бойынша іс-құжаттар дайындалып, бөлім басшысына ұсынылып. Бөлім басшысы тиісті қарау жұмыстарын жүргізбестен, сол жұмыстарды қабылдап алу туралы актіге қол қойып, соның нәтижесінде мемлекетке шығын келтіріп отыр.