Шымкентте жол құрылысында көптеген кемшіліктер анықталды
Жолдағы қайғылы жағдайдың көбі жолдың сапасыздығынан болатыны жасырын емес. Бір Шымкенттің өзінде жарты жылда жол құрылысына қатысты 136 кемшілік анықталды. Ұлттық сапа орталығы мамандарының мәліметінше 207 шақырымдық құрылысқа тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 783 шаршы метр жол қайта жөнделді. Сондай-ақ ойық-шұңқырларды тегістей алмаған тағы бір мердігерге кемшілікті түзетуге нұсқау берілді. Сала өкілдері: «жол жабындысындағы кемшіліктер мен құрылыс барысындағы ақаулар кәсіби кадр тапшылығының салдарынан болды»,-дейді.
Өйткені елімізде қатардағы инженерден бастап геодезия, картограф пен механик сияқты білікті маман аз.
Мұхтар Дүйсембеков, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК қалалық филиалының директоры:
- Су құбыры дейді ғой, жолдың ортасында құдықтар жоғары немесе төмен болып тұрады. Қазір олардың бәрін біз жоқ есебіне жеткіздік. Екіншіден, тратуармен кетіп бара жатсаңыз, счетчиктер болатын. Сондай-ақ асфальттың сапасына байланысты жол төселгеннен кейін сегрегация дейміз, жарылып жататын. Оның бәрі маманның жетіспеушілігіне байланысты.