Абай облысында бес елді мекенге ауызсу құбыры тартылды
Абай облысының Көкпекті ауданындағы 10 ауылда ауызсу жоқ. Түйткілді мәселені шешу үшін биыл 5 елді мекенге су құбыры тартылып жатыр. Қалған ауылдың тұрғындары тіршілік нәрін қашанға дейін күтеді?
Үлгілі малшы ауылында тұратын Әлімовтер отбасы сан жылдар бойы ауызсудың азабын тартып келді. «Көзімізді ашып көргелі тұзды су іштік. Былтыр ауылымызға таза ауызсу жетіп, құдықтан құтылдық»,- дейді қария.
Қабылбек Әлімов, ауыл тұрғыны:
- Құдықтан тасыдық. Сырттан тасыдық. Су болмай қалған, шықпай қалған кездер де болды. Бес метрге дейін қазасың. Кейбір жерлерден үш метрден шығады. Бірақ таза су емес. Сонда мен 70 жыл тұзды су ішіп, биылдан бері көрдім, Құдайға шүкір, жақсы болды.
Көкпектіде Үлгілі малшы секілді ауызсуды асыға күтіп жүрген ауылдар аз емес. Биыл аудандағы 5 елді мекенге су құбыры тартылып жатыр. Бұған республикалық және облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлініпті.
Марат Тілеулинов, мердігер компания өкілі:
- «Ақбұлақ» бағдарламасымен жұмысты алып, 30 жыл бойы су болмаған Шұғылбай ауылына су тартуды бастадық. 1,5 айдай болды. Осы күнге дейін жалпы ұзындығы 13 шақырымның 7,5 шақырымын салдық. 65% жасап қойдық.
Жарқын Түңдікбаев, Көкпекті аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Шұғылбай, Шәріптоғай, Қарамойыл, Биғаш, Мамай осы 5 ауылды сумен жабдықтауға қаражат бөлініп, жұмыстар басталды. Мердігерлер анықталып, ауылдар бойынша 50-60% жұмыс атқарылды. Жоспар бойынша жұмыстың атқарылу мерзімі 1 қыркүйекке дейін.
Абай облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңір тұрғындарының 92% ауызсумен қамтамасыз етілген. Ал Көкпекті ауданында бұл көрсеткіш 80% асады. Аудан халқына тіршілік нәрін толық жеткізу үшін әлі де бес ауылға құбыр тарту қажет.
Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы