Шымкентте білім басқармасының мамандары сотталды
Шымкентте білім басқармасының қос бірдей лауазымды қызметкері жемқорлыққа жол бергені үшін сотталды. Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты айыпталушыларға 36 млн теңге айыппұл салу жөнінде үкім шығарды. Сондай-ақ олар мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдары мен квазимемлекеттік секторда еңбек ету құқығынан өмір бойына айырылды. Сот отырысында олардың пара алғаны дәлелденді.
Олжас Тобашов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің бөлім басшысы:
- Білім басқармасының мамандары Шыңдаулов пен Мейірбековке қатысты қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Олар жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерге тексеріс жүргізбегені үшін 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі сомада мекеме басшыларынан жүйелі негізде пара алып отырғаны үшін кінәлі деп танылды.