Жезқазғанда «Бәйтерек» ҰБХ» еншілес ұйымдарының филиалдары ашылды
Жезқазған қаласында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі еншілес ұйымдарының филиалдары ашылды. Енді ұлытаулық кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген несиелерге өтінім беру үшін ірі қалаларға барып әуре болмайды. Салтанатты шараға облыс және «Бәйтерек» холдингінің басшылығы қатысып, өңірде кәсіпкерлікті қолдауға қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.
Ұлытауда кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жыл басынан бері шамамен құны 7 млрд теңге болатын 182 жоба қолдау тапқан. Кәсіпкерліктің қарқын алуына ұлттық басқарушы холдингке қарасты еншілес ұйымдардың үлесі бар.
Мысалы, салтанатты түрде ашылған «Даму» қорының филиалына күнделікті 10 аса кәсіпкер кеңес алуға келеді. Соңғы жарты жылда 111 кәсіпкердің субсидия мен кепілдік бойынша өтініші мақұлданған.
Мұрат Бапаев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
-Көбінесе бізде сауда саласында, сол салада істейтін кәсіпкерлер келеді. Екінші орында ол ауыл шаруашылықтан келетін кәсіпкерлерге қолдау көрсетеміз.
Жаңа облыста «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы да жүйелі жұмыстарды қолға алған. Әсіресе көктемгі дала жұмыстары кезінде шаруаларға көп қолдау жасады. Қазірдің өзінде 40 астам фермерге 6% мөлшерлемемен 1,3 млрд теңге несие берілді. Дегенмен мұнымен шектеліп қалуға болмайды. Экономикасы өндіріске тәуелді өңірде шағын және орта бизнестің үлесін одан әрі арттыру маңызды. Осы ретте облыс әкімі шаруа қожалықтарын қаржыландыру үшін қосымша қаражат бөлу мәселесін көтерді.
Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:
-Ең өзекті мәселе – экономиканы әртараптандыру. Оның тиімді жолы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау. Осы ретте «Бәйтерек» холдингінің қолдауы бізге өте қажет.
Ұлытаулық фермерлердің ауыл шаруашылығы техникалары тозып тұр. Техника паркін жаңарту мәселесі де назардан тыс қалмады. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев қосымша қаржы қарастырылатынын айтты.
Ал тұрғын үй қорын жаңғырту бағытында облыстың бас жоспары бекіген соң ірі жобалар қолға алынады. Әзірге «Отбасы банкпен» бірлескен «Ұлытау жастары» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев