Хабар телеарнасы

Kazakhmys Energy компаниясы 4,5 млн теңге айыппұл төлейді

Қарағандылық экологтар Kazakhmys Energy компаниясына 4,5 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Аталған мекемеге қарасты Балқаш жылу электр орталығы мен Топар кентіндегі бас электрді тарату станциясында экологиялық нормаға қайшы келетін әрекеттер анықталған. Топардағы орталықта ағын суды тазалау жүйесі арықтың нашар болуынан істен шыққан. Ал Балқаштағы орталықтың отын-көлік цехында отынды түсіру құрылғылары болмаған. «Дегенмен кәсіпорындарды жаңғырту жұмыстар өз нәтижесін бере бастады», -дейді маман­дар.

Дархан Есжанов, облыстық экология департаментінің басшысы: 
- Соңғы уақытта станциялар өздерінің тазарту жүйесіне үлкен көңіл бөліп, замануи құралдар қойып жатыр. Осының нәтижесінде биыл Балқашта ауаға шығаратын қалдықтар 1 мың тоннаға азайған. Бұл модернизациялық жұмыстардың нәтижесі. Табиғат пайдаланушылар экологиялық заңнаманы сақтап, қоршаған ортаға тигізер зардабын барынша азайтуға міндетті.