Ақтауда құрылыс компаниялары қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін ескермейді
Алматыдағы өрттен кейін ел аймақтарында тұрғын үйлерде тексеріс жүргізіле бастады. Ақтауда құрылыс компаниялары көпқабатты баспана салу кезінде қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін ескермейді. Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері тілсіз жаумен күресте қолданылатын өрт гидранттары мен крандардың су құбырына жалғанбауы жиі кездесетін кемшілік екенін айтты. Құрылыс нормаларына сәйкес, биіктігі 28 метрден асатын баспанада апатты дабыл қағу құралдары болуы тиіс. Көп жағдайда бұл құрылғылар тоққа қосылмаған күйде тұратын көрінеді.
Қабілет Есжанов, қалалық ТЖБ бастығының орынбасары:
-Мысалы, жоғары этажда өрт орын алса тұрғындарды уақытында эвакуациялау үшін баспалдақтар бар. Соларды көбінесе тұрғындардың өздері алып тастауынан немесе құрылыс салушы мекеме салмай кетуі салдарынан сондай кемшіліктер кездеседі. Біз ол жерлерге баса-көктеп кіре алмаймыз. Тексеріс жүргізе алмаймыз. Тек қана осындай профилактикалық жұмыстар кезінде тұрғын үй мүлкінің иесіне, тұрғындарға, құрылыс мекемесінің өкілдеріне айтамыз.