Отбасы институтын нығайту қажет
Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барды. Өңірдегі белсенді үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен кездесіп, отбасы құндылықтарын нығайту, ана мен бала құқығын қорғау ісіне қатысты мәселелерді талқылады.
Бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі — отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық. Құқығы тапталып, зәбір көрген әйел мен баланы қорғау және оңалту ісін жетілдіру қажет. Ұлттық комиссия мүшелерінің өңірге келгендегі негізгі мақсаты – осы.
Салтанат Тұрсынбекова, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы:
-Қазір өздеріңіз естіп отырсыздар, неше түрлі зорлық-зомбылық фактілері бар. Педофилия мәселесі деп отырмыз. Ажырасу мәселесі деп отырмыз. Осылардың бәрінің алдын алу тетіктері, осы Жезқазған аймағында қалай жүріп жатыр? Сол жағдайларды сұрау үшін іссапармен шығып отырмыз.
Облыс әкімімен өткен кездесуде аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды. Қазіргі таңда отбасында болатын тұрмыстық зорлық-зомбылықтардың көбеюіне байланысты Ұлытау облысында да осы мәселелермен айналысатын басқарма немесе орталық ашу қажеттігі ұсынылды.
Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:
-Ең бастысы отбасындағы тәрбие, балабақша, мектеп, ата-аналар, сол тәрбие жұмысы. Әлеуметтік проблема ол бөлек келесі проблема. сондықтан әрине оны ойластыру керек. Қалай оны жүйеге келтіру керек. Бізде пилотный жоба, тіпті әрбір ауылдық елді мекенде бастауға болады.
Отбасы институтының рөлін арттырып, ұлттық тәрбиені жетілдіру бағытында облыста «әкелер» және «аналар» кеңесі құрылған. Жақында ғана Адам құқықтары жөніндегі уәкіл тағайындалды. Кездесуде олардың бірлесе атқаруға тиісті жұмыс жоспары талқыланды. Жезқазған перзентханасы, дағдарыс орталығы секілді түрлі мекемелердің тыныс-тіршілігімен танысты. Ұлттық комиссия мүшелерінің облысқа сапары одан әрі Ұлытау және Жаңаарқа аудандарына қарасты шалғай ауылдарда жалғасады.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев