Астанада теміржолшылар күніне орай мерекелік шара ұйымдастырылды
Тамыздың алғашқы жексенбісі теміржолшылардың төл мерекесі. Жылдағы дәстүрге сай, биыл да адал еңбегімен абырой арттырған 1 мың 200 астам сала маманы марапатталды.
Астанада теміржолшылар күніне орай мерекелік шара ұйымдастырылды. Сала үздіктері анықталып, ерен еңбектері еленді. Компанияның 1200 астам білікті маманы түрлі марапаттар алды. Адал еңбегі үшін белгісі 97 адамға берілді. 218 теміржолшыға «Кәсібі бойынша үздік» және «Үздік басшы» салалық атақтары табысталды. Саланың басты наградасы – «Құрметті теміржолшы» белгісі 76 қызметкерге бұйырды. Солардың бірі - 33 жылдан бері теміржол саласында жүрген Асқар Ертаев.
Асқар Ертаев, құрметті теміржолшы:
- Біздің жол шеберлері көбіне қыста далада жүреді. Күннің ыстығына, суығына қарамай еңбек етеді. Жолды қарайды, тексереді, баптайды. Сондықтан енді жұмыстары ауыр.
Компания құрамында бүгінде 110 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бірлескен жұмыс нәтижесінде салалық және мемлекеттік міндеттер табысты іске асырылып келеді. Мәселен, бүгінде елдегі тасымалдаудың негізгі түрі – темір жол арқылы жүзеге асады.
Сағыныш Қазмағамбетов, құрметті теміржолшы:
- 20 жылдың үстінде Қазақстан теміржолы үлкен жетістіктерге жетті. Небір логистикалық, технологиялық мәні зор. Шетелдік техникалар келді. Шетелдік методтар енді жол шаруашылығындағы. Одан кейін шетелдік теміржол құрылымын жақсылап ұстау үшін соның тетіктері енді.
Алдағы күндерге жоспар көп. Жаңа жолдар салынып, Локомотив паркі жөнделмек.
Авторлары: Дана Әлиева, Дәурен Жұрхабаев