Жыры бітпеген жол: Астанада неше көше жөнделеді?
Өздеріңіз білетіндей елордада көпірлердің құрылысы ұзаққа созылып, соның салдарынан көлік қозғалысы қиындап, кептеліс пайда болды. Бұған жыл сайын жөндеуге жабылатын көшелерді қосыңыз. Биыл шаһарда қанша жол жөнделеді? Сапасы қандай болмақ?
Бұл – Бөгенбай батыр даңғылындағы көпір. Былтыр басталған құрылыс жұмыстары әлі бітер емес. Байқоңыр ауданын қаланың орталығымен байланыстыратын көпірдің содан бері бір жақ беті жабық тұр. Ал бұл көлік жүргізушілеріне қиын.
- Айналаң толған кептеліс. Өтіп бітем дегенше талай уақытың кетеді, зорға өтеміз. Бір рет өткенге жарты күн уақытымыз кетеді.
- Ана алдында жартысын жауып тастаған кезде почти 4 жыл істеді ма? Енді мынау міне, екінші жылға кетіп бара жатыр. Қиын жүру, өте қиын.
- Бетон блоктардың кесірінен өте қысылып өтеді машиналар. Төрт полосадан екі полосаға өткен кезде жақын-жақын өтеді де, ДТП боп қала жаздайтын моменттер көп болады.
Астаналықтарды тек бұл көпір ғана емес, Тәуелсіздік көшесіндегі жаңа көпірдің құрылысы мен айналма жолдағы көпірдің жөндеу жұмыстары да алаңдатады. Олар іске қосылса, орталық көшелердегі көлік қозғалысын азайтуға сеп болар еді.
Асыл Самажанов, қалалық Жолдарды салу және жөндеу бөлімінің бас маманы:
- Тәуелсіздік даңғылындағы Есілден өтетін көпірді биыл желтоқсан айына дейін ашу жоспарланып отыр. Ал Бөгенбайдағы көпірді айтатын болсақ, оған қазір демонтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба әлі шыққан жоқ. Биыл жөндеу жұмыстары басталмайды. Биыл тек демонтаж жұмыстары ғана жасалады.
«Ал жөндеуі бірнеше жылға созылған айналма жолдағы көпір келесі аптада пайдалануға беріледі», - дейді жауаптылар. «Одан бөлек, бас шаһарда биыл 69 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның 40 шақтысында жұмыс аяқталған. Қалғандарын қыркүйек айына дейін қалыпқа келтіреміз, - дейді, мамандар.
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, көшелердің әлі 9 процентіне асфальт төселмеген. Ал асфальты бар көшелердің өзінің 20 проценті ескірген. Сондықтан оларды жыл сайын жөндеп жатырмыз, - дейді әкімдіктегілер.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Азамат Сәметов