Атырауда көз жұмған оқушының ата-анасына барлық көмек көрсетіледі
Атырауда лагерьге кетіп бара жатқан 13 жастағы жеткіншек қайтыс болды. Қайғылы оқиға Атырау-Астрахань пойызында тіркелген.
73 бала 4 тәлімгерімен Железноводск қаласындағы “Қазақстан Геологі” лагеріне бет алған. 1 жарым сағаттан кейін балалардың біреуі өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдем шақыртқан. “Нарын” станциясына келген жедел жәрдем қызметкерлері баланың қайтыс болғанын анықтапты.
Қазір бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалды. Білім беру басқармасы марқұмның отбасына барлық көмек көрсетілетінін айтты. Ал қалған балалар лагерьге кеткен.
Ерлан Сламбеков, облыстық Білім беру басқармасының басшысы:
- Атырау облысы білім басқармасы құзырлы органдармен бірлесе отырып, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын тексеру үшін комиссия құрды. Қазіргі уақытта баланың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберіліп, қылмыстық іс қозғалды.