Жамбыл облысында қуаңшылықтан егістер қурап жатыр
Жамбыл облысында 400 мың еуро көлемінде қаржы салынған инвестициялық жоба жүзеге аспай қалды. Испаниялық агрономдар мен жергілікті шаруалардың бірлескен жобасы, суармалы судың жоқтығынан күйіп кетті. Оған қоса егістігі қураған қордайлық дихандардың саны күннен күнге артуда.
Былтыр испандық агрономдар мен технологтар Қордай ауданының жеріне қызғушылық танытып, инвестициялық жобаны қолға алған. Сөйтіп, Сарыбұлақ ауылының маңындағы 130 га күнбағыс екті. Бірегей жоба еліміздің оңтүстік аймағында алғаш рет қолға алынған болатын. Жоба мақсаты – майлы дақыл тұқымын оңтүстік аймаққа жерсіндіріп, ел нарығын өзіміздің тұқыммен қамтамасыз ету еді. Бірақ қуаңшылықтан жоба жүзеге аспай қалды.
Евгений Трубников, шаруа қожалығының басшысы:
- Біз тұқым егу кезінде барлық технологиялық процесті дұрыс жасадық. Бірақ суармалы су соңғы бір айда мүлдем келмеді. Салдарынан еңбек текке кетті. Дәл қазір қанша суарсақ та егісті сақтап қалу мүмкін емес. Екі учаскедегі күнбағыстың шығыны 150 млн теңгеге жетті.
Суармалы судың тапшылығынан зардап шеккен қордайлық шаруалардың саны 400-ге жуықтады. «Қазір диқандар өнім алмақ түгілі, дала жұмыстарына кеткен шығында шығара алмаймыз ба», - деп алаңдаулы.
Нұрлан Нармашев, шаруа:
- Жемшөпке арнап, міне, жүгеріні егіп жатырмыз, жоңышқаны егіп жатырмыз. Жоңышқамыз түп орманы күйіп кетті. Жоңыршқамыздан үміт жоқ. Келесі жыл толық айдаймыз. Тағы 1-2 жыл шөпсіз тағы отырамыз. Сондықтан біз мал шаруашылығымен толықтай. Сойып бірнәрсе қылып құтыламыз. Себебі қыстан шығара алмаймыз.
Қордай ауданына қырғыз тарапынан жылда секундына 14 текшеметр су келетін. Биыл бұл көлем 6 текшемертге дейін азайып кеткен. Салдарынан аудандағы 5800 га алқап қурап жатыр. «Алдағы уақытта олардың саны әлі де артуы мүмкін», -дейді аудан әкімі.
Бекзат Болатбеков, Қордай ауданының әкімі:
- Біз басында айтқанбыз екі округ деп. Бірақ қазір Бетқайнар ауылы да қосылып жатыр, Степной ауылы да қосылып жатыр. Үкімет тарапынан 4 министрліктен комиссия келді. Біз бұл жағдайды жеткіздік Үкімет басшысына. Енді біз нақты шешім күтіп отырмыз. Төтенше жағдай жариялай ма, жариялаймыз ба, жарияламаймыз ба деген.
«Аудан атқамінерлері аймақтағы су мәселесі су қоймаларын салу арқылы шешіледі», - дейді. Бұл түйткіл 2011 жылдан бері көтеріліп келе жатқанын жасырмады.
Жұлдызбек Бақаев, Қордай ауданы әкімінің орынбасары:
- Ұсыныс берілген хаттар жазылған. Жылда жазылады хат министрлікке. Оның шешімін енді биылға ғана жаңағы 50 млн қаражат қарастырылып отыр ғой. Жобалық-сметалық құжаттамалары жасалып жатыр бүгінгі таңда. Аяқталу мерзімі қараша айында. Осы жұмыстар аяқталса, жоғары жақтан, Үкіметтен қаражат бөлінетін жағдай болса су қоймасын салуға. Біз осының 30-40% қырғызға тәуелділігімізді жоямыз деп айтар едім.
Айта кетерлігі, аймақта төтенше жағадай жарияланса, шаруалардың шығыны өтеледі. Қазір ауданда құрылған комиссия сол қураған алқаптарды аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә