Көкшетаудағы Қылшақты өзені ластанып барады
Шағын шаһардың дәл ортасынан өтетін өзеннің суы тартылып, бетін балдыр басқан. «Жаздың аптап ыстығында жағымсыз иісі қолқаны қабады»,-дейді жергілікті тұрғындар. Қазіргі уақытта өзенді тазалау жұмыстары басталды. Биыл бір шақырымға жуығы тазартылып, маңы абаттандырылады деп жоспарланып отыр.
Көкшенің көркіне айналған Қылшақтының қазіргі түрі осындай. Айналасын қамыс басып, мөлдір суы бетіндегі балдыр шөптен көрінбейді.
Анжелика Ревва, қала тұрғыны:
- Өзеннің борсыған иісі үйге дейін кіреді. Жағалауында жүріп, демалу мүмкін емес. Жалпы осы жер әдемі өте. Бірақ иіс бәрін бұзып тұр.
Жанат Әбжанов, қала тұрғыны:
- Өзен қаланың қақ ортасынан өтеді. Жағасында міне, әдемі үйлер салынып жатыр, мектеп бар. Сондықтан тазалап отыру қажет қой. Жауаптылар қайда қарап отырғандарын түсінбеймін.
Ал жауаптылар болса өзенді айына бірнеше рет тазалаймыз деп ақталды. Бұл бағытта түрлі экологиялық акция мен сенбіліктер де өткізіледі екен.
Әділет Рақымжанов, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Арнайы ұйымдастырылған сенбіліктер аясында өзеннен 3 мың текше метр қоқыс шығарылды. Қайықтармен судың бетіндегі балдырлар мен қамыстарды да тазаладық. Айына екі рет осындай жұмыстар жасалып тұрады.
Ағымдағы тазартудан бөлек, былтардан бастап күрделі тазалау жұмыстары қолға алынды. Оған облыстық қазынадан қомақты қаржы қарастырылған. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Жалпы Қылшақты өзені кезең-кезеңімен тазалануда. Мысалға, өзеннің мына бөлігі былтыр ғана тазаланып, маңы абаттандырылған. Оған жергілікті қазынадан 800 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Бірақ 1 жыл өтпей егілген ағаштар қурап, өзен бетін қайта балдыр басқан.
Иә, былтыр өзеннің 880 метрі тазаланса, биылғы меже 1 шақырым. Ал өзеннің тез ластануына бірнеше себеп бар.
Сергей Савельев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
- Өзеннің ластануына еріген қар және жаңбыр сулары әсер етеді. Себебі қалада жаңбыр суының кәріз жүйесі қарастырылмаған. Барлық су осы өзенге құйылады. Қазір біз өзеннің тағы бір бөлігін тазартып жатырмыз. Абаттандыру жұмыстары мен тазартуды аяқтаған соң қалалық әкімдіктің балансына өткіземіз.
Қылшақтыны тазартуға биыл қазынадан 635 млн теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталады. Бірақ оның толығымен тазарып кететініне ешкім кепілдік бере алмайды. Ал көкшетаулықтар болса өзен тартылып, түбінде қалдық су қала ма деп қауіптеніп отыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный