Жезқазғандағы екі шағын аудан газбен қамтылды
Жезқазған қаласын көгілдір отынмен қамту жобасының екінші кезеңі аясында Бекболат сай және Қостанкелді шағын аудандарына газ құбыры тартылды. Көгілдір отынды көп күткен тұрғындар іргеге жеткен газды үйге кіргізіп, игілігін көре бастады. Жалпы Ұлытау өңіріне газ тарту жұмыстары 2019 жылы басталған. Бүгінге дейін облыс орталығына қарасты Талап пен Қабанбай ауылдарына және Бөгенбай шағын ауданына магистралдық құбырлар жүргізілді.
Жезқазғанды газдандыру жобасы 3 кезектен тұрады. Жалпы ұзындығы 200 шақырымға жуық. Бекболат сай және Қостанкелді елді мекендеріне құбыр тарту жұмыстары айналасы бір жылдың көлемінде аяқталды. 2,7 млрд теңгеге 43 шақырым магистралдық және орамішілік құбыр жүргізілді. Мұнда 1400-ге жуық абонент бар.
Асқар Құлатаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
-Бекболатсай, Қостанкелді елді мекендеріне орамішілік құбырлар тарту аяқталып, өздеріңіз көріп тұрғандай халықты газға қосу жұмыстары басталды. Міне бірінші үйді қостық. Бүгін 10 үйді қосу жоспарымызда бар.
Елдің алды болып үйіне көгілдір отын кіргізген тұрғынның бірі — Людмила Магомедова. Ол алты ай қыста кемінде 8 тонна көмір жағатын. «Енді тамызыққа ағаш сатып алып, күл шығарып, от жағу бейнетінен құтылатын болдық»,— дейді қала тұрғыны.
Людмила Магомедова, қала тұрғыны:
-Көптен күттік. Қымбатшылыққа байланысты кейінге шегеріліп қала ма деген күдік те болды. Осы күнге жеткенімізге қуаныштымын.
Көгілдір отынды үйге дейін кіргізуге кемінде 800 мың теңгедей қаржы керек. Ол, әрине, зейнеткерлер үшін оңайға соқпайды. Сондықтан әлеуметтік осал топ өкілдеріне бір реттік жәрдемақы қарастырған. Бүгінге дейін 4 отбасы сол жәрдемақы арқылы үйіне газ кіргізді.
Асқар Құлатаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
-Оның көлемі 250 айлық есептік көрсеткіштен тұрады. Оған қосылатындар — зейнеткерлер және әлеуметтік топтар.
Бүгінде Жезқазғанда 107 абонент көгілдір отынның игелігін көріп отыр. Қаланы газбен қамту жұмыстары 2025 жылы толықтай аяқталады. Одан әрі облыстың өзге елді мекендері біртіндеп газға қосыла бастайды. Аймақты дамытудың кешенді жоспарына енген жоба шеңберінде 2030 жылға дейін Атасу, Жезді, Қарсақбай кенттері, Сәтбаев, Жәйрем, Қаражал қалалары және Кеңгір ауылы көгілдір отынға қол жеткізеді.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшахира Серекбаева