Алматыда қызылша ауруына шалдыққандар көбейіп барады
Алматыда қызылша ауруы өршіп тұр. Эпидемиолог мамандар жағдайды тұрақсыз деп бағалады. Биыл наурыз айынан бері мегаполисте 1127 тұрғында қызылша ауруы анықталған. Олардың 90% жуығы 14 жасқа дейінгі балалар. «Ауа арқылы тез тарайтын жұқпалы аурудың бұлай өршуіне эпидемиологиялық ахуалы нашар мемлекеттерден келгендер себеп болып отыр», - дейді мамандар. Ауруды бірінші кезекте иммунитеті қызылшаға төзімсіз тұрғындар жұқтыруда.
Айта кету керек, инфекция жұқтырған науқастардың басым бөлігі қызылшаға қарсы екпе алмаған. «Ал профилактикалық вакцина аурудан сақтанудың ең тиімді жолы», - дейді мамандар. Ауру белгілері байқалған сәтте асқындырмай, бірден дәрігерге жүгінген жөн.
Алмаш Ахметова, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- Негізінде қызылша өте жұқпалы ауру болып саналады. Ол өзінің асқынуларымен қауіпті деп айту керек. Қызылшамен ауырғаннан кейін ауыр түрде өтсе, оның асқынуларының бірі – орта құлақ отит дейміз, асқынуы мүмкін. Одан кейін тыныс жолдары, трахеит, бронхит, өкпенің қабынуы пневмония түрінде болуы мүмкін. Ең ауыр түрлері соқырлыққа да әкелуі мүмкін, мидың қабынуына әкелуі мүмкін.