Қарағанды облысындағы жол құрылысы қашан аяқталады?
Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Сарыарқа ауылына баратын 5 шақырымдық жолдың құрылысы 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Бүгінге дейін 1,5 шақырымына ғана асфальт төселген. Тұрғындар алаңдаулы, ал мердігерлер не дейді?
Ауылдан автобанға қосылатын мына 5 шақырымдық жолдың жөнделмегеніне жарты ғасырдан асқан. Биыл әйтеуір сең қозғалып, қазынадан 200 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыс басталады. Алайда тұрғындар жұмыс аяқсыз қала ма деп алаңдап отыр.
Айман Таушина, Сарыарқа ауылының тұрғыны:
-Бітпей қалады. 3 ай болды. Әне істейді, міне істейді деп. Мына жерде барлық техникалары тұр, істелмей жатыр.
Борис Ақшолақов, Сарыарқа ауылының тұрғыны :
-Бұлар бір күн істейді, содан кейін 1-2 жұма жоқ. Тағы бір күн істейді, сосын тағы жоқ. Бұл не деген сұмдық? Қопарып тастады. Содан кейін щебенканы тастады да, тағы жоғалып кетті. Екі жұма жоқ. Содан кейін цемент сеуіп тағы жоғалып кетті. Ал ол бәрі шаң.
Мердігер жұмыстың біраз уақыт тоқтап қалғанын мойындап отыр. Дегенмен «жол құрылысын межелі мерзімде аяқтаймыз» деп сендірді.
Сергей Акопян, мердігер компанияның учаске басшысы:
-Ауа-райына байланысты тоқтап тұрдық. Апта бойы жаңбыр жауды. Қазір күн ашылып, жұмысқа кіріскелі жатырмыз. Келіскендей тамыздың соңына дейін аяқтаймыз.
Бірақ бұған жұрт күдікпен қарайды. Себебі үш ай ішінде 5 шақырым жолдың бар болғаны 1,5 шақырымына асфальт төсеген. Ал жұмыс тамыз айының соңында тапсырылу керек.
Саят Шаяхов, Сарыарқа ауылының әкімі:
-Мен бітіреді деп айта алмаймын. Оған уәде де бере алмаймын. Әр-түрлі факторлар болуы мүмкін. Алдында өздері техника сынды деп кетіп қалды. Сол секілді болуы мүмкін. Бірақ олар келісімшартқа сай жұмыстарын атқаруы тиіс. Бітірмеген жағдайда сотқа береміз.
Мердігерлер екі ауысыммен жұмыс істеп, күніне 700 метр асфальт төсеуді жоспарлап отыр. Ал тұрғындар «жұмысты бақылауда ұстаймыз» дейді.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар