Су тапшылығынан бірқатар өңірді құрғақшылық жайлады
Биыл суармалы су тапшылығына байланысты бірқатар өңірлерді құрғақшылық жайлады. Салдарынан 181 мың га егілген өнім күйіп кетті. Негізгінен Павлодар облысының шаруалары қатты шығындалған. Қырғыз Республикасы тарапынан судың аз келуіне байланысты Жамбыл облысындағы шаруалардың да жағдайы мәз емес. 8 мың га жуық егістік алқабы пайдасыз болып қалған. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов осыған қатысты шұғыл шаралар қабылданғанын жеткізді. Мәселен, жаңа астықты сатып алуға 81 млрд теңге бөлінген. Шаруаларға бас-аяғы 140 млрд теңге бюджеттік несие беру көзделген. Сондай-ақ 426 мың тонна дизель отыны нарықтық бағадан 15% төмен бағамен жіберілетін болады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- «Бәйтерек» холдингіне құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың кредиттері бойынша борыштарды төлеу мерзімін ұзарту және оны қайта құрылымдау мәселесін пысықтау қажет. Жалпы жағдай бақылауда. Жеткілікті көлемде өнім жиналатын болады. Қазақстандықтар нансыз қалмайды.