Жылу маусымына дайындық қалай?
Қақаған қыста тағы 4 өңір Екібастұздың күйін кешуі мүмкін. Себебі жылу орталықтарын жөндеу жұмыстары жоспардан кешігіп жатыр. Кей өңірде тіпті келесі жылға шегерілген. Сондықтан Теміртау, Риддер, Екібастұз, Жезқазған қалалары мен Маңғыстау облысында жағдай қиын. Ал Алматы, Маңғыстау, Қызылорда және Абай облыстарында желілерді жөндеу жұмыстарының жартысы да аяқталмаған. Үкімет басшысы жөндеу жұмыстарын аяқтауды және қажетті көлемде отынның алдын ала жеткізілуін қамтамасыз етуді талап етті.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Ішкі көмір нарығында дүрбелеңге жол бермеу үшін өңір әкімдіктері тиісті тәртіппен 2 апта мерзімде көмірді дайындау және өткізу пункттерінің жағдайына, оның сапасына, жеткізу кестелеріне, бағалардың негізділігіне тексеру жүргізу қажет.
Үкімет қабырғасында Денсаулық сақтау министрі уланған балалардың жағдайы туралы айтты. Ажар Ғинияттың сөзінше, 13 баланың алтауы әлі ауруханада. Олардың жағдайы ауыр. Балалар реанимация, қарқынды терапия бөлімшесіне орналастырылды. Екеуінің жағдайы тұрақсыз болса, қалғандары біртіндеп сауығып келеді. Сот-медициналық сараптамасы әлі аяқталған жоқ. Сондықтан қорытынды шығарылмады.
Еске салайық, 30 шілдеде балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бірнеше бала уланып, бірі қайтыс болған.