Балқашта су құбыры жаңартылады
Балқаш қаласында биыл 30 шақырым су құбыры жаңартылады. Қазір соның 6 шақырымы ауыстырылған. Мамандардың айтуынша, шаһардағы су жүйесінің 80% бүгінде әбден тозған. Шіріген құбырлар жиі жарылып, халық зардабын тартып отыр. Биыл жаздың басында екі рет ірі апат болып, тұрғындар бірнеше күн сусыз қалған. Қала билігі бұл мәселені түбегейлі шешу үшін 2025 жылға дейін жаңадан 120 шақырым құбыр салмақ. Қазір 5 бригада күндіз-түні тынбай еңбектеніп жатыр.
Жанәлі Шпекбаев, ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Шіріген ескі құбырларды диаметрі үлкен пластикалық құбырларға ауыстырған кезде қалаға көп мөлшерде су жібере аламыз. Қысымды үнемі бір деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік болады. Ең бастысы – біз жұмыс барысында халықты сусыз қалдырып жатқан жоқпыз. Мердігерге өтініш жасап, қосымша құбыр тартуды сұрадық. Сол арқылы негізгі магистарльды құбырды ауыстырған кезде қалаға тұрақты түрде ауызсу беріп отырмыз.