АЭС салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті
Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында қоғамдық тыңдау өтті. Еске сала кетейін, дәл осы елді мекен келешекте АЭС салынады деп таңдалған екі орынның бірі. Бүгінгі жиынға ауыл тұрғындары, ауданның қоғамдық кеңесі, облыс әкімдігі, Энергетика министрлігі, Ұлттық ядролық орталық, тағы басқа да мүдделі мекемелердің өкілдері қатысты. Бұндай талқылаулар бұған дейін де басқа өңірлер мен әртүрлі алаңдарда талқыланды. Ал ертең ауылының іргесінде атом электр стансасы бой көтеруі мүмкін Үлкен кентінің халқы не дейді?
Үлкеннің іргетасы 1984 жылы қаланған. Балқаш көлінің оңтүстік батыс бетінде бой көтерген елді мекен әуелде қала типтес кент ретінде жоспарланды. Себебі сол жылы бұл жерде ГРЭС салынуы керек болған. 1989 жылы 4000 адам тұрса, 2009 жылғы санақ мәліметтеріне сәйкес тұрғын саны 1700 жуық.
Нұрлан Нұртас, Жамбыл ауданының әкімі:
- Үлкен тұрғындарының өзі бұрыннан тарихи осында ЮКА ГРЭС деген үлкен жоба болған. Сол кезде маман боп келген. Яғни айтсақ бұлар уже дайын болған соған. 90% астамы, жалпы үлкендіктер осы атом электро стансасы қаншалықты елімізге, оның ішінде өзіміздің осы ауданымызға, ауылымызға қаншалықты қажет екенін жақсы түсінеді.
Айта кету керек, АЭС мәселесі бойынша қоғамдық талқылау ақпан айының соңын ала өтуі тиіс болған. Алайда сайлау науқанымен байланысты кейінге шегерілді. Бірақ сол кездің өзінде белсенділер ғаламторда қолдау петициясын жариялап, 900 қол жиналды. Сондай-ақ атом стансасына қарсы белсенділер де өз петицияларын жинаған еді. АЭС құрылысын қолдайтындар да құрылыс мерзімі мен оған кететін шығынның Қытайда да, батыс елдерінде еселеп өсетінін түсінеді. Бұндай шығыны көп жобаны халықпен жариялы түрде ақылдаспай қолға алуға болмайды. «Қазақстан біздің ақшамызға шетелдік компаниялардың эксперимент алаңына айналуға тиіс емес»,-дейді олар. Ал жуырда ғана еліміздің бас энергетигі Алмасадам Сәтқалиев қоғамның пікірі міндетті түрде ескерілетінін, бірақ АЭС құрылысынан бас тарту мәселесі қарастырылмайтынын айтқан еді.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Бұл жоғары дәлдікті машина, құрылғылар жасау, металлургия сияқты тұтас индустрия түзіледі деген сөз. Әңгіме жүздеген мың жаңа жұмыс орнының ашылатындығында. Біздің әлеуетіміз тамаша. Уран өндіруден әлемде біріншіміз. Керек десеңіз, қазірдің өзінде атом реакторларына арнайы отын шығарып жатырмыз.
Былтыр елімізде 112 млрд кВт сағат электр энергиясы өндірілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда аздау. Ал 29 жылға дейін ішкі сұраныс жыл сайын 3% артып отырады. KEGOC мамандары болса 2035 жылға қарай қуат көзіне тапшылық 3,5 гигават жетеді деп болжап отыр. Ал Үлкен ауылында АЭС салынып, жоба сәтті жүзеге асып жатса, ол 2,8 мВт қуат көзіне береді екен.
Алмаз Әбілдаев, «Қазақстанның энергетикалық аспектілері» зерттеу орталығының директоры:
- Еске сала кетсек, былтыр маусым айында Президент АЭС салынатын орынның белгіленгідігі туралы алғаш рет мәлімдеме жасаған кезде 4 компания үміткер ретінде қарастырылған. Ол Қытайлық CNNC, Корейлік KHNP, Францияның EDF компаниясы мен Ресейлік Росатом. Нысан 2032 жылға дейін салынуы тиіс. Айтпақшы оған жергілікті мәслихат батасын беруі шарт. Бүгінгі жиыннан аңдағанымыз Жамбыл ауданы тұрғындарының батасы алынатын сияқты.
Авторлары: Берік Дүйсенбай