Алматыда жаңа инновациялық шығармашылық орталық ашылды
Алматының Алатау ауданында Президенттің тапсырмасы бойынша балаларға арналған жаңа инновациялық шығармашылық орталық ашылды. Қала әкімі «100 заманауи оқушылар сарайын салу» бағдарламасы бойынша пайдалануға берілген кешенді аралап, болашақ жоспарымен танысты. Ерболат Досаевтың айтуынша, орталықтың ашылуы осы ауданда оқушылар мен олардың ата-аналары үшін ыңғайлы білім беру кластерін құруға мүмкіндік беріп отыр.
Алатау ауданы әлеуметтік-демографиялық тұрғыдан ең қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі. Жаңа орталық аудан мектептері мен балабақшаларға жақын жерден ашылды. Ол ең жоғары стандарттар бойынша білім беру технологияларымен жабдықталған. Үйірмелер балаларға мектепте алған білімдерін тереңдетуге және кеңейтуге мүмкіндік береді.
Ләззат Жылқыбаева, қалалық білім басқармасының басшысы:
- Орталықтың ерекшелігі – аптасына 5 мың балаға дейін қабылдай алады. Сонымен қатар үйірмелер классикалық бағыттағы және жаңашыл бағыттағы үйірмелер ашылған. Бұл Алатау ауданында 30 мектепте, 55 мың бала білім алады. Және де Алатау ауданы қала бойынша бала саны қарқынды өсіп келе жатқан аудандардың бірі болып табылады.
Мұнда тігін шеберханасы, спорт зал, актерлік студия бар. Қысқы бақпен коворкинг аймағы да балалардың көңілін аулары анық. Ал модельдеу, VR сыныптары, авиамодельдеу, өнеркәсіптік дизайн үйірмелері оқушылардың заманға сай білім алуына жол ашады. Айта кетерлігі орталықтағы сабақтар кәсіптік бағдар беру функциясын орындайды.
Қымбат Жұмағалиева, ата-ана:
- Ата-ана ретінде осы ауданның тұрғыны ретінде өте қуаныштымын. Өзімнің бір ұл, бір қызым бар. Енді Алла бұйыртса соларды жаңағы тегін осы жерде әртүрлі кружоктарға қатыстырсам деген ойым бар.
Орталықта ерекше қажеттіліктері бар балаларды сабаққа тарту үшін жағдай жасалған. Сонымен қатар логопедтер, дефектологтар, психологтар жұмыс істейді. Дәл осындай инновациялық шығармашылық орталық бірнеше ай бұрын Наурызбай ауданында ашылғанын айта кеткен жөн.
Авторы: Ұлан Нарынбек