Түркістан облысында 240 орындық мәдениет үйі ашылды
Заманауи үлгідегі ауыл клубы мен кітапхана кешені Арыс қаласы Ақдала ауылдық округінің орталығында бой көтерді.
Заманауи үлгіде салынған ғимараттың аумағы 1 мың 220 шаршы метрді құрайды. Бірінші қабатында көрермен залы, кітапхана және түрлі үйірмелер бар. Ал екінші қабатындағы оқу, демалыс залы, компьютерлік бөлме барлық керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мүгедектігі бар азаматтар үшін жеделсаты іске қосылған. Жақында Жиделі ауылында да жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Сондай-ақ қазір Дермене елді мекенінде клуб салынып жатыр.
Жұмаділдә Қашымбетов, Ақдала ауылының тұрғыны:
- Аралап шықтық. Кітапхана, домбыра, би үйірмесі, ән үйрететін бөлме, бәрі бар. Залы бар ауылдың ақсақалдары келіп, кітапханадан кітап алуға өте керемет. Халықтың бәрі келіп жатыр. Рақметін айтып жатыр.
Ғани Сауытбекұлы, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Құрылыс жұмыстары 2022 жылы тамыз айында басталды. Мерзімінде аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы жоба құны – 621 млн тг. Бір айдың көлемінде мәдениет бөлімінің теңгеріміне беріп, 20 жуық тұрғынды жұмыспен қамтамасыз ететін болады.