Бүгін – Қазақстан халқының тілдері күні
Аталған мереке 2017 жылға дейін 22 қыркүйек күні аталып өтсе, биыл 6 жыл қатарынан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен қатар тойланып келеді. Мақсат – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, оның қолданыс аясын кеңейту. Осыған орай Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде тілдер күні мерекесінің ашылу салтанаты өтті. Алқалы жиынға оқу ордасының оқытушылары, ғалымдар, ақын-жазушылар, депутаттар, ассамблея мүшелері мен тіл жанашырлары қатысты.
Іс-шараның ұйымдастырушысы Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдерінің сөзінше, қазір мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл - заңды құбылыс. Себебі болашағын Қазақстанмен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін білуі тиіс. Дегенмен мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жолындағы жұмыстар әлі де көңіл көншітпейді. Тіл жанашыры Қазыбек Иса олқылықтың орнын толтыру үшін арнайы заң қабылдау керектігін айтады.
Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 2021 жылы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек деп айтылды наурызда. 2022 жылы тағы қозғадық 27 сәуірде. «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдауымыз керек. Ол үшін 7 баптың 19-тармағына түзету енгізу керек.
Биыл Тіл комитеті «Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Ол құжатта мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін білуі, іс қағаздардың қазақша жүргізілуі секілді талаптар бар. Алайда неге екені белгісіз, құжаттан «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдану керек» деген тұжырым алынып тасталған.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазақстан Республикасында тілдерді дамытудың 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бар екенін білесіздер. Ол жүзеге асырылып жатыр. Кезінде 2020 жылға дейін деп те қабылданған болатын. Сол бағдарламада Қазақстан халқының кем дегенде 95% мемлекеттік тілді білуі керек деген талаптар қойылған.
«Бірақ кейінгі жылдары мұндай меже-мезгілдің барлығы тіл саясатына қатысты құжаттардан көрініс таппай жүр», - дейді, депутат. Дегенмен жетістіктер де жоқ емес. Қазір қазақ тілінде жазылған оқулықтар көбейіп, өзгттік тілді меңгере бастады. Өзі үйреніп қана қоймай, өзгелерге де үйретіп жүрген жастар жетерлік. Президент те ана тіліміздің мәртебесі жайлы биыл Ассамблея отырысында ашық айтты. «Сондықтан қазақ тілінің қолданыс аясы кеңеймесе, тарылмақ емес», - дейді жиналғандар.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Мұхаметәлі Ділдабаев