Ақтөбелік диқан мол өнім алудың үлгісін көрсетіп отыр
Ақтөбеде қарапайым диқан Данияр Алманов мол өнім алудың үлгісін көрсетіп отыр. 9 жыл бұрын жер жыртып, көкөніс өсіруді қолға алған ол қазір қала халқын өніммен қамтуға өз үлесін қосып келеді. Тынымсыз еңбегінің арқасында шаруасын дөңгелеткен диқан кейбір дақыл түрлерінен жыл бойы өнім алады.
Тәжірибелі диқан Данияр Алмановтың әр күні егіс алқабында өтеді. Жаз бойы өсіп піскен қарбыз-қауын мен қияр және қызанақ қазір жиналып, қалаға жеткізіліп жатыр. Шаруа жылдағы дәстүрге сай биыл да 15 гектар алқапқа дән сепкенімен, көкөністің шығымы былтырғыдан тәуір. Бұл тынымсыз еңбектің арқасы. Бүгіннің өзінде ондаған тонна өнім сауда орындары арқылы тұтынушыларға жеткен.
Данияр Алманов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Дымсыз қалмайды екенсің жерден. Қалай ексең де шығады. Сондай бір жағдайлар бар. Еңбек керек. Тәжірибе алдық біріншіден, екінші, енді жылдан-жылға қалыпты егіп жатқан жоқпыз. Әртүрлі егеміз. Ауа райына да байланысты. Ең көп еккенім 20 га ектім.
Шаруаның алма бағын өсірмек ойы бар. Ал көкөніс өсіруді қолға алғалы 10 жылға жуық уақыт ішінде екі ұлы мен ағайын-тумасын да осы кәсіпке баулыған. Қазір олар да диқаншылықтың қыр-сырын біледі. Ал қала халқын өніммен қамтуды үздіксіз әрі сапалы жүргізу үшін шағын жылыжайды құрып қойыпты.
Нағымбек Төреханов, бағбан:
- Қазір бізде енді сыртқа егіп жатырмыз далада. Соны жинап бітірген соң міне, орын дайын тұр теплица. Сосын осы жаққа көшеміз. Сонда бізде әр уақытта жұмыста бар, өнім де алуға болады.
Данияр Алманов секілді тынымсыз еңбектің арқасында зор жетістікке жеткен көкөніс өсірушілерді ауыл шаруашылығы мамандары да жоғары бағалайды. Ал қала бойынша биыл жылыжайлардың саны артып, өсірілген дақыл түрлері жергілікті нарықтан өзге шетелге де шығарылған.
Мұрат Тоқболатов, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Былтырғы жылы бізде 44,9 гектар болса, жалпы олардың көлемдері биыл алқаптары 46,5 көбейді. Қазіргі таңда 7 айлықтың қортындысымен осы 16 жылыжайдың жалпы өнімі 14,5 мың тонна болып тұр. Былтырмен салыстырғанда біздер 2,5 мың тоннаға біздер көбейтіп келе жатырмыз.
Жалпы өңірде соңғы жылдары ырыздығын жерден күтетін диқандар көбейген.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев