ҰҚК екі лаңкестік оқиғаның алдын алды
Лаңкестер Қожа Ахмет Яссауи кесенесін жарып жібермек болған. Бұл жөнінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы терроризмге қарсы өңірлік құрылымы кеңесінің 40-шы отырысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Сейсембаев мәлімдеді. Оның сөзінше биыл арнайы қызмет мамандары Астана қаласында да террористік акт жасамақ болғандардың жолын кесті. Сарапшылардың айтуынша, соңғы 3 жылда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер аумағында 80 шақты теракт болса, биыл лаңкестік әрекеттер саны күрт өскен. Мәселен, 2022 жылы 18, биыл жыл басынан 47 шабуыл жасалыпты. Салдарынан 400-ден астам адам қаза тапты.
Руслан Сейсембаев, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары:
-Қазақстанда жоғары террористік қауіп сақталып отыр. Жыл сайын кем дегенде 2 террористік шабуылдың алдын аламыз. Мысалы, биыл дайындықтың ерте кезеңінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қолдан жасалған жарылғыш құрылғымен жарудың жолы кесілді. Астанада адамдар жаппай жиналған жерлерде қарулы шабуыл жасау әрекеттері тоқтатылды
Сондай-ақ жастар арасынан деструктивті қауымдастықтарда тұратын 80 мыңға жуық желі қолданушысы анықталған. Олардың 6 мыңы 18 жасқа толмаған. Сарапшылардың сөзінше, қазір интернетте экстремистік электронды алаңдар саны 10 мыңға жетеді. Әлеуметтік желілер арқылы лаңкестік әрекеттер басқарылып, теріс бағыттағы материалдар таратылады. Өкініштісі, осы ағымдардың жетегіне көбіне жастар ілігіп жатады.
Руслан Сейсембаев, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары:
-Белсенді диджитализациялау терроризм мен экстремизм идеологтарының үгіт-насихат қызметін интернетке көшіру үшін еріксіз жағдай жасады. Бүгінде ол жас өрендерді радикалдандырудың негізгі факторы болып табылады. Цифрлық ортада халықаралық террористік ұйымдардың жұртқа деструктивті бағытта үгіт-насихат жүргізе алатын желілік инфрақұрылымы да жасалған.