Сәтбаев қаласында индустриялық аймақ құрылады
Жобаның сметалық құжаттары дайын. Құны – 1,6 млрд теңге. Келесі жылы 220 адамды жұмыспен қамтитын ірі жобалар іске қосылады деп жоспарланған. Сонымен қатар қала көшелері жөнделіп, аулалар абаттандырылады.
Индустриялық аймақтың тұжырымдамасына сәйкес, қаланың батыс бөлігінен 12 гектар аумақ белгіленді. Бастапқыда «көмірден карбоксил өндіру», «полиграфиялық өндіріс» секілді жобалар жүзеге асырылады.
Инвестиция көлемі – 9 млрд теңгеге жуық. Ал әзірге шағын шаһарда 116 млрд теңгенің 4 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – жел электр станциясының құрылысы.
Алмат Сауқымов, Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары:
- Баламалы энергия көздерін ашуға инвестиция тарту көрсеткіші жоғары. Мысалы, бізде құрылысы басталатын жел генераторларының қуаты жылына 200 МВт энергия өндіреді. Ол жоба қытайлық компаниямен бірлесе жүзеге асырылады. Инвестиция көлемі – 75 млрд теңге.
Күні ертең өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған қаланың даму көрсеткіші тұрақты. Жекелеген салалар бойынша ілгерілеу бар. Мысалы, былтырғы жылмен салыстырғанда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 5 млрд теңгеге артқан. Нәтижесінде көп жылдан бері шешімін күткен мәселелердің күрмеуі тарқады. Жалпы ұзындығы 4 шақырымдық 6 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал жылу маусымына әзірлік бойынша жоспарлы жұмыстардың дені еңсерілген.
Нұржан Кенжеғұлов, Сәтбаев қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:
- Жылу маусымына дайындық мақсатында жалпы ұзындығы 43 км, 100 метр желілерді жөндеу көзделуде. Оның ішінде 25 шақырымы жылу желілері, 15 шақырымы сумен жабдықтау желілері, 2,6 шақырым кәріз желілерін жөндеу жоспарлануда. Бүгінгі күні мынау күрделі жөндеу дейміз ғой магистралдық желілер, олар бойынша 92% жұмыстар орындалып тұр.
Биыл бұрын соңды асфальт төселмеген аулаларды абаттандыру қолға алынды. 20 жуық үйдің қасбеттері жаңартылды. Сондай-ақ жалпы құны 400 млн теңгеден астам қаржыға 20 футбол және 20 балалар ойын алаңы салынып жатыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева