Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында бруцеллез ауруы асқынып тұр

Қарағанды облысының Қусақ, Мәди және Мыңбаев ауылдарында бруцеллез ауруы асқынып тұр. Сондықтан бұл елді мекендерден ет және сүт өнімдерін алуға тыйым салынды. Қазір мамандар төрт түліктен екінші мәрте сынама алып, зертханаға жөнелткен. Нәтижесі жақсы болса, шектеу алынады. Ал егер ауру мал анықталса бірден сойылады. Иесіне әр бастың нарықтық құны төленеді. Әзірге бар жануар бақылауда. Ең бастысы, ауыл тұрғындары дін аман. «Індетке тосқауыл қоюдың жалғыз жолы — вакцина»,— дейді ветеринарлар. Бірақ 2007 жылдан бастап елімізде жоспарлы егу жұмыстары алынып тасталған. 

Қайырбек Тұрсынбеков, ветеринария басқармасының басшысы:
-Жасыратыны жоқ, бізді алаңдатып отырған Мәди ауылы. Неге? Өйткені ол жерде мал көп. 5-6 мыңға таяу қара мал бар. 7-8 мыңдай ұсақ мал бар. Жылқы малы да жетерлік. Сондықтан біздің ең негізгі күш-жігеріміз осыны жылдам сауықтырып, қысқа дейін аяқтау. Себебі бір мезгілде 5300 бас малдан қан алып шығудың өзі оңай шаруа емес қой.