Хабар телеарнасы

Қарағандыдағы ІТ хаб биыл $400 мың өнімін экспорттады

Келесі жылы бұл көрсеткішті екі есеге арттыру жоспарланған. Елдегі тұңғыш аймақтық ІТ хаб қандай жобаларды жүзеге асырып жатыр?

2021 жылы ашылған елдегі ең алғашқы аймақтық ІТ хаб қазір аяққа нық тұрған сенімді компанияға айналды. Стартап авторларының жасаған бағдарламаларын қазір отандық та, шетелдік компаниялар да белсенді пайдаланады. Мысалы, Тимур Дүрмағамбетовтың тобы жасаған бағдарламалық робот бизнес саланы автоматтандыруға септеседі. Нәтижесінде уақыт пен адам еңбегін үнемдеуге болады.

Тимур Дүрмағамбетов, ІТ компания басшысы:
-Мысалы, 3 бухгалтер құжат деректерін енгізу үшін күніне 15 сағат уақыт жоғалтады делік. Ал біздің бағдарлама құжатты сканерлеп, деректемелерді автоматты түрде енгізіп, сол жұмысты өзі-ақ атқара береді. Тек қажетті алгоритмді көрсетіп берсе болды. Нәтижесінде мамандар күніне кем дегенде 3 сағат уақытын үнемдей алады. Бұдан өзге біздің бағдарлама маркетинг, сату саласында сізге қажетті клиентті тауып бере алады.

Бір қараған адамға мұның барлығы түсініксіздеу болуы мүмкін. Бірақ стартап иелері бағдарламалар болашақта біздің күнделікті өмірімізге қажет дүниеге айналады деп отыр. ІТ хабтың биыл 400 мың доллардың өнімін экспорттады.

Сабыр Ниязов, өңірлік ІТ хабтың директоры:
-Біз мамандарды тегін оқытып жатырмыз. Қазір облыс бойынша ІТ маманның саны 5 мыңға жуықтады. Алдағы екі жылда біз олардың санын 10 мыңға жеткізсек дейміз. Бізде оқытудың бірнеше түрі бар. Бастапқыда бизнес модельдің құрылымын, шетелдік нарыққа шығу жолдарын үйретеміз.

«Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру»,— деді Президент билығы жолдауында. Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу қажеттігін тілге тиек етті. ІТ хаб аталған межені бағындыру үшін тың жобаларды жүзеге асыруды қолға алған.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.