Қызылорда облысында ауыл шаруашылығының өнімі артты
Қызылорда облысы жыл басынан бері 25 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін экспорттады. Оның 4 жарым мың тоннасы Қазалы ауданының үлесінде. Сонымен қатар мұнда мемлекеттік қолдау шаралары аясында өңдеу өнеркәсібі де дамып келеді. Төмен пайызды несие алуға ұсынылған жобалар қатарында экспортқа бағдарланған өнімдер де аз емес.
Венера Тайлақбаева шиқамысты біраз жыл бойы Еуропаға экспорттайды. Қарамағында 300-ге жуық жұмысшы бар. Шетелдіктер ылғалға төзімді шөп түрін құрылыста, яғни ғимараттың төбе жабындысы ретінде қолданады. Сол себепті сапасына ерекше мән береді.
«Мынадай қамыс шетелде де өседі. Бірақ Қызылордада сұраныс өте жоғары екен. Себебі тығыздығына байланысты»,— дейді мамандар. Оңайлықпен сына қоймайды. Қазір мына жүк көлігіне 12 тонна қамыс тиеліп жатыр. Германияға сатылуда. Жалпы жыл сайын дәл осы жерден 170 тоннадай өнім шетелге экспортталады екен.
Венера дайын қамысты экспорттап қоймай, алдағы уақытта одан түрлі өнім шығаруды жоспарлайды.
Венера Тайлақбаева, кәсіпкер:
-Өңдесе қамыстан ДСП, фанер, қағаз шығаруға болады. Биоотын шығаруға болады. Бір өндіріс орнын ашу ғой жоспарымыз. Ешқандай қалдықсыз жұмыс істегіміз келеді.
Биыл Қазалы ауданы бойынша 4,5 мың тонна өнім экспортталды. Оның қатарында қамыстан бөлек, балық, күріш және бау-бақша өнімдері бар. Десе де өңдеу өнеркәсібіне деген бетбұрыс жоғары. Қазір аудан аумағындағы 7 мыңға жуық кәсіпкерлік нысанның 95% астамы белсенді жұмыс істеп тұр.
Мұхтар Оразбаев, Қазалы ауданының әкімі:
-Негізгі бағыт қолдан қазір өнім шығаруды жақсы бейімделді. Жақында азаматтарымыз қайтарымсыз грант алып, Қазалының сабынын шығарды. Бұрын енді бренд болып «Қазалының» кәмпитімен көрінетін едік, енді Қазалының сабынымен де жақсы жұмыс жасап келе жатыр. Қазіргі таңда ауданда 242 жоба қаржыландырылды.
Облыстан экспортталатын тауардың дені - ауылшаруашылығы өнімдері. Жыл басынан бері 15 миллион доллардан асатын 25 мың тонна ауылшаруашылығы өнімі сыртқы нарыққа жіберілді.
Авторлары:Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев