Павлодар облысында 66 ауылдың инфрақұрылымы жақсарды
Павлодар облысында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 66 ауылдың әлеуметтік, инфрақұрылымдық жағдайы түзелді. Медицина мекемелері, мәдениет және спорт нысандары жаңғыртылды. Жолдар жөнделді. Ал Қозыкеткен ауылындағы тозығы жеткен мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қозыкеткен кезінде 2 мыңнан астам тұрғыны бар дүркіреп тұрған ауыл еді. Кейінгі жылдары адам саны азайып, мектебі тозып кетті. Іргесі 30 жыл бұрын қаланған білім ошағы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Екі қабатты ғимараттың іші-сырты түгел жаңарған. Ескірген есік-терезелері ауыстырылыпты. Шатырға металл жабын төселді.
Айдарбек Исабаев, мектеп директоры:
-Міне бірнеше күн жауын жауып жатыр. Қазір біз мәзбіз. Неге десеңіз жауын біздің мектепке ақпайды. Әйтпесе жауын жауса біздің мектепте шелектер қойып жүгіріп жүретінбіз, ағатын. Қазір міне Үкіметке рақмет.
500 жүз орындық білім ошағында 105 бала оқиды. Мектеп жанынан шағын орталық ашылып, жұмыс істеп тұр. Бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады. Өткен оқу жылында 8 түлек оқу грантына ие болған.
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қуаныш Баймолдинов бес баланың әкесі. Ол сабақтан тыс уақытта оқушыларды үстел теннисіне баулиды. Жас маман жоғары оқу орнын тәмамдап, туған ауылына қайтып оралған.
Қуаныш Баймолдинов, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:
-Жөндеуден кейін біздің мектебіміз мүлдем өзгерді. Спортқа бейім балалар саны артты. Оқушыларға жаңа зал ұнайды. Волейболды дамытып жатырмыз. Кешке қарай ауылдың ересектері де бізге келіп спортпен шұғылданады.
Нина Тарасюк, 11-сынып оқушысы:
- Мен негізінен волейбол секциясына қатысамын. Бізде дойбы, үстел теннисі, шахмат бар. Спорт залымыз өте керемет болды. Әсіресе едені ыңғайлы. Кең, жарық.
«Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы іске асқан төрт жылда Павлодар облысында он бір спорт нысаны, төрт мәдениет үйі мен сегіз дәрігерлік амбулатория салынды. Сондай-ақ 80-нен астам әлеуметтік мекеме жаңғыртылды. Бағдарламаға биыл 26 ауыл еніп отыр. Елді мекендерді жаңғыртуға 10 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков