Хабар телеарнасы

2024 жылы Ұлытау облысында геологиялық кластер жұмысын бастайды

Қазба жұмыстарының техникалық және кадрлық ресурстарын біріктіретін жоба жеке компанияның инвестициялық қаржысына жүзеге асырылуда. Нысанның құрылысы аяқталған соң 150 адам жұмыспен қамтылады.

Жезқазған өңірінде минералды-шикізат қорын арттыру үшін геологиялық жұмыстарға жылына шамамен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бүгінгі күні Ұлытау облысы бойынша 4 жерде барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол міндет геологиялық кластер мамандарына жүктелген.

Ғалым Нұржанов, «Қазақмыс барлау» ЖШС бас директоры:
-Қазіргі таңда өздеріңіз білесіздер, шикізаттың бәрі не терең орналасқан немесе басқа элементтермен қоспа ретінде келеді. Оның бәрін технологиямен бөліп алып шығу үшін ғылым керек. Ол ғылымды осы Жезқазған өңірінде дамыту керек. Сондықтан геологиялық кластер сондай оймен құрылып жатыр.

Бұл жерден оқу ғимараттары, қызметкерлерге арналған жатақхана, геофизикалық зертхана және жер қыртысының сынамаларын сақтайтын қойма салынады. Өзге өңірлерден және шет елдерден үздік ғалымдар шақырылады. Аталған жоба Жезқазғанның іргесіндегі Геология ауылында жүзеге асырылуда. Оның себебі де бар. Кезінде Қаныш Сәтбаев бастаған ғалымдар еңбек еткен ауыл тоза бастаған.

Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:
-Осы Геологиялық шағын аудан дейміз осы ауылға да, халыққа да пайдасы тиеді. Жалпы 150 орын жұмыс орны ашылады, жоспарда. Мыстан басқа да осы өңірде көптеген жер қазбалары бар. Соны ары қарай жетілдіріп, ғылыми жаңа тәсілдерді қолдануға осы орталық септігін тигізеді.

Жаңа жобаның сәтті жүзеге асуы әрине ауылдың дамуына оң әсерін тигізеді. Қазірдің өзінде инвесторлардың қолдауымен ірілі-ұсақты мәселелер шешімін тауып отыр. 1 мыңнан астам тұрғыны бар ауылда үйлердің тең жарымы көгілдір отынға қосылған. Жақында «жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша заманауи білім ордасының құрылысы басталды.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева