Хабар телеарнасы

Аймақтардың жылу маусымына әзірлігі пысықталып жатыр

Мәжіліс депутаттарының бір тобы аймақтардың жылу маусымына әзірлігін пысықтап жүр. Осы және өзге де өңір жаңалықтарын қысқа қайырсақ.

Теміртау қаласындағы екінші жылу энергия орталығының қос қазандығын жөндеу жұмыстары бір айға кеш аяқталады. Себебі мердігер компанияда білікті мамандар жетіспейді. Салдарынан шағын шаһар биылғы жылыту маусымын тек 4 қазандықпен бастайды. Бұл туралы энергия орталығының қысқа дайындығын Мәжіліс депутаттары тексеруі барысында мәлім болды. Ал жаңадан салынып жатқан 7-ші қазандық 2024 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.


Ал Көкшетауда ең бірінші кезекте балабақша, мектеп және ауруханалар жылумен қамтылды. Қыркүйек айының соңында көпқабатты үйлерге де жылу беріледі. Биыл қаладағы орталық қазандық толық жөнделген. Үш жылу агрегаты, түтін мұржалары және қосымша жабдықтар қалпына келтірілді. Жөндеу жұмыстарына 2 млрд 600 млн теңге бөлінген.

Солтүстік Қазақстан облысының шаруаларына Президент тапсырмасы бойынша астық кептіруге қосымша 20 мың тоннаға жуық дизель отыны бөлінді. Биыл өңірде жауын-шашынды болғандықтан тамыз айының соңында орақ науқаны тоқтап қалған. Ауа райының қолайсыздығы өнімнің сапасына да кері әсірін тигізді. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, қазір облыс бойынша 2,2 млн тонна астық жиналған. Бұл жалпы көлемнің 59%. Әр гектардан 10,5 центнер өнім алынып жатыр.


610 млн теңге бюджет қаржысы қолды болды. Алматы облысында мектеп есепшілері 13 адамның атынан жалған құжаттар әзірлеп, ай сайын қазына қаржысын жымқырып отырған. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің мамандары мәлімдеді. Бір есепші кінәсін мойындап, қолды еткен 81 млн теңгені мемлекетке қайтарған. Қалған 5 есепші тергеліп жатыр.