Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеуге жабылады
Атырау мұнай өңдеу зауыты уақытша жабылады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 1 қазан мен 3 қараша аралығында өндіріс ошағына кезекті жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Одан бөлек Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты да қондырғыларының бірі істен шығуына байланысты жартылай ғана жұмыс істеп тұр. Бірақ мұның барлығы жанармай тапшылығы болады деген сөз емес. «Себебі қажетті қор бар», - дейді ведомство өкілдері. Бағасы да жақын арада өзгермейді. Өйткені АИ-92 бензиніне мемлекеттік шектеу жасалады. Ал АИ-95 маркалы бензиннің бағасын нарықтың өзі реттейді.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Бүгінге дизельдің қоры 36-37 күн. 95 бензинде 24 күн. Авиа отын 2 айдай және 92 бензин 30 күннен асады. Ол жеткілікті. Күнде мұнай өңдеу зауыттары жұмыс істеуде. Мұнай өңделеді. Біздің ойымыз бойынша және расчетымыз бойынша дефицит ішкі нарықта болмайды.