Петропавлда өрт неден тұтанды?
Петропавлда жеке тұрғын үйде қаза тапқан үш адамның отбасына жергілікті атқарушы орган тарапынан көмек көрсетіледі. Әкімдік жерлеу рәсімін өз мойнына алып отыр. Сонымен қатар қайғыдан қан жұтқан отбасына уақытша пәтер жалдауға және басқа да қажеттіліктерге қаржылай көмек көрсететін болды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, кеше кешке Петропалда үй өртеніп, үш адам мерт болды. Қызыл жалын 20 жастағы келіншек пен 1 және 5 жастағы екі баланың өмірін жалмады. Алдын ала болжам бойынша от электр сымдарының тұйықталуынан болған.
Назымбек Елемесов, қалалық ТЖ басқармасының бастығы:
-Күйеуі жұмыстан кейін ұйықтап жатқан. Келіншегі оятқан, үйімізде түтін деп. Сол кезде ол балаларына келіншекке айтып қасымда тұрыңдар, мен қазір терезені жарып далаға шығамыз деген. Терезені жарғанша әйел балалармен веранда жаққа шығып кеткен. Ол терезені жарып, арттарынан барған, ал веранда толығымен отқа айналған. Оларды шығара алмай, өзі шығып аман қалды.