БҚО-ның сайлау өтетін 3 ауданында 7 үміткер тіркелген
Батыс Қазақстан облысының сайлау өтетін 3 ауданында әзірге 7 үміткер тіркелген. Бөкей ордасы мен Тасқала аудандарына 3 үміткерден келсе, Қаратөбеде әкім лауазымынан дәмелі бір-ақ азамат. 4 үміткер өз-өзін ұсынса, 3 саяси додаға «AMANAT» партиясынан қосылған. Оның екеуі қазіргі әкім, біреуі аудан әкімінің орынбасары. Өзге партиялар тарапынан әзірге белсенділік байқалмаған. 3 ауданда 29 мыңға жуық сайлаушы бар. Қазір жергілікті сайлау комиссиялары тізімді тексеріп, дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр.
Ғайса Қапақов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Қаратөбеде 19, Бөкей ордасында 22, Тасқалада 22 учаске бар. Олардың барлығы сәйкестілігін анықтап, сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби деңгейін көтеру жөнінде тестілеу өткіздік. Сайлау өткізгенде бірде-бір қате жібермеуіміз керек. Мысалы, Орда деген ауданымыз бар, 500 жуық мал бағатын нүктелер бар, солардың бәрінде сайлаушылар тұрады. Солардың бәрін қамтуымыз керек.