Қосшыдағы оқу ордасының маңында инфрақұрылым ақсап тұр
Биыл жаңа оқу жылында Қосшы қаласына қарасты Лесная поляна шағынауданында заманауи мектеп қолданысқа берілген. Тұрғындар: «қуанышымыз су сепкендей басылып, балалар үйге қайтқанша уайыммен отырамыз»,- дейді. Себебі оқу ордасының маңында инфрақұрылым ақсап тұр. Мектепке баратын жаяу жол аяқталмаған. Бағдаршам мен жарық жоқ. Иесіз иттердің мәселесі тағы бар. Түйткілді мәселелер қашан шешіледі? Жауаптылар не дейді?
Қосшы тұрғындары жаңа мектепке барар жолда жарықтың болмауына, аяқжолдың толық бітпегеніне алаңдайды. Мектептің жанында 9 қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталған. Жүк көліктерінің жөңкіліп жатқаны тағы бар. Бағдаршам жоқ, қауіпсіздік шаралары сақталмаған.
Меруерт Базарбаева, қала тұрғыны:
- Менің балаларым екінші сменада оқиды. Қайтқан кезде 8-ге қарай қайтады. Сіздер көрсеңіздер қандай қап-қараңғы. Телефонның жарығын жағып қайтады. Ертең босанған соң алып кете алмаймын мектептен.
Роза Байзакова, қала тұрғыны:
- Мектеп қолданысқа берілгенде әрине қуандық. Бірақ мектепке келетін жол нашар. Мектептің алдындағы жолда көлік пен қатар оқушылар жүрсе, тіпті мындағы жол жаман. Жаңбыр жауғанда қалай болатынын білмейміз. Ал жанынан мына бір құрылыс басталды. Жан-жағы қоршалмаған болатын. Балалар сабақтан қайтқанда үйілген топырақтан сырғанап ойнайды.
Тұрғындардың айтуынша, әкім келеді дейіннен кейін құрылыс жүріп жатқан алаң қоршалыпты. Ал жауаптылар да мұны жоққа шығармайды.
Нұрлан Садыров, Қосшы қаласы құрылыс бөлімінің басшысы:
- Ол көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы. Құрылысы келесі жылы басталады. Құрылыс алаңы қазіргі уақытта қоршалған. Желілер сол қоршаудың бойында өтетін. Қоршауды алып, желілерді өткіздік те, қоршауды қайта орнына қойдық. Қазір көрсеңіз жұмыстары бітіп жатыр.
Қаңғыбас иттер қас қарая сабақтан қайтып келе жатқан оқушыларға шабуыл жасайды ма деп ата-аналар алаңдайды. Бірнеше рет жауаптыларға бұл мәселемен шығып көріпті.
Оралбек Бадуанов, тұрғын:
- Қазір иттердің бәрі анау контейнерға барып, өрбіп, күшіктеніп, күшіктерін ертіп 5-6 сағат шамасында мына мусоркалар келеді. Талай рет әкімшілік, ЖКХ айтылды. Барлық балалар сақтықпен жүреді. Үлкен де, кіші де итттерді көрсе айналып кетеді.
Бұл түйткілді мәселелерге жауап беру үшін қала әкімі тұрғындар мен жауаптыларды жинады. Халық алдында мердігерлерді тұрғызып жауап та алды.
Гайдар Қасенов, Қосшы қаласының әкімі:
- Біз қыркүйек айында 50 итті аулап, облыстық ветеринариялық орталыққа тапсырдық. Алда тағы да ауланатын болады. Ал жаяу жүретін жол мәселесі күрделі. Себебі жұмыстардың барлығы қарызға жасалып жатыр. Бюджеттен әлі ақша бөлінбегенін облыс басшысы, Республика да біледі. Осы жобаның ішіне жарықтандыру, тротуар, көліктер жүретін жол кіреді.
Қала басшысының сөзінше, оқушылар мектепке барып келетін жол қазан айының соңына дейін аяқталмақ. Ал мектеп маңындағы аймаққа бағдаршамдар келесі жылы қойылады деген жоспар бар.
Авторлары: Диана Қадыр, Болотбек Табалдиев