Ақтөбеде қызылша дерті дендеп тұр
Әсіресе балалардың арасында өршіп барады. Дәрігерлер дер кезінде вакцина салмағандардың аурушаң келетіндігін айтып дабыл қағуда. Өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды ескерген мамандар қосымша стационар ұйымдастырған.
«Ковид-19» дерті белең алған кезде балалар мен ересектерді қабылдаған мына «Шағала» шипажайына кешелі бері қызылша жұқтырылғандар жеткізіліп жатыр. Себебі 75 науқасқа шақталып жасалған облыстық инфекциялық ауруханада орын қалмаған. Дәрігерлер қазір 81 адам ем алып жатқандығын айтып отыр. Олардың 13-і ересектер болса, 68-і кәмілет жасына толмаған балалар.
Рүстем Исаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
-Эпидситуацияға байланысты біздер қазір қаланың сыртындағы санаторийда 80 койка аштық. Енді жеңіл түрдегі балаларды біздер үйіне жібереміз. Осложненный формалар болса жаңағы ларингит, фарингит, бронхиолит, пневмонияға асқынып кетсе онда ол балалар жатқызылады.
Қызылша дертіне шалдыққан алғашқы науқас ақпан айында анықталды. Түркиядан келген баланың шетелде жүріп жұқтырғандығы белгілі болды. Содан бері 828 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Мамандар сырқаттың алдын алудың бірден бір жолы вакцина дейді. Өңірге 30 мың данасы жеткізілді. Қазір бұрын-соңды вакцина салдырмағандар мен медицина қызметкерлері егіліп жатыр.
Авторы: Мансұр Есқожин