Астанада «Ел жүрегі – елорда» атты байқау өтті
Республика күні мен елорданың 25 жылдығына орай «Ел жүрегі – елорда» атты байқау өтті. 7-11-сыныпта оқитын жас өрендер ел астанасы жайында қалам тербеп, 200-ден астам шығарма жазған.
Оқушылар сарайына жиналған балақайлар бүгін дән риза. Шымылдығы ән шашудан түрілген бұл жиында ел астанасы туралы қалам тербеткен шәкірттер марапатталды. 230 шығарма сараланып, үздіктер анықталды.
Олжас Сыдықбек, «Elorda Aqparat» медиахолдингінің басшысы:
-Мысалға осы біздің елімізде өткен EXPO-ға Африка елдерінің бірінен келген, өзінің астанасы жоқ елден келген адаммен біздің елдегі адамның әңгімесін осы шығармаға арқау етіп алып, сондай бір формамен, сондай мазмұнмен, сондай бір креативті өздерінің жобаларымен шығарған оқушылар бізді ерекше тәнті етті. Талантты балалар көп қазір. Біз соған қуандық және біздің өзіміздің ойымыз да осы еді.
Дінмұхамедәлі Айтжан – жүлдегерлер қатарынан көрінді. Астанада тұру арманы болған. Жуырда сол арманы орындалғанын айтады.
Дінмұхамедәлі Айтжан, жүлдегер:
-Ауылда жүргенде менің достарым Астана туралы өте көп айтты, содан мен Астананы зерттеп, Астана маған ұнай бастады. Ата-анама қыс айында Астанаға барғым келетіні туралы айттым. Ата-анам келісті, бірақ тек оқу жылынан кейін деді. Ал енді оқу жылы да келді. Менің армандарымның бірі қазір орындалды деп ойлаймын. Менің болашағым үшін көшіп келді.
Байқауға қатысушылардың еңбегі әділ бағаланды. Шәкірттер шығармаларын лақап атпен, сыныбын да, мектебін де, жасын да көрсетпей жіберген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тіпті, өзге қалалардан да қатысуға ниет білдіргендер болған. Алайда байқау Астана бойынша ғана өтті.
Асыл Амангелдиева, қалалық Білім басқармасы жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы:
-Мұндай байқау өткізу оқушылардың қызығушылықтарын арттырып отыр. Алдағы уақытта да осы Республика күні қарсаңында дәстүрлі түрде жылдан жылға жалғастырылса деген мақсатымыз бар.
Қалалық ішкі саясат пен білім басқармаларының бірлескен жобасында шәкірттер ғана емес, ұстаздар да, ата-аналар да марапатталды. Ал жүлдегерлерге Бурабайға жолдама, планшет, смартфон, смарт сағат сынды сыйлықтар табысталды.
Авторлары: Дана Әлиева, Аманжол Байғазин